Қазақстанда шағын бизнес тексеруден 3 жылға босатылуы мүмкін - кәсіпкерлер не дейді

Елімізде 2 миллионнан астам шағын бизнес өкілі тіркелген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде 2 миллионнан астам шағын бизнес өкілі тіркелген. Енді олардың қызметіне қатысты бақылау шараларына уақытша шектеу қойылуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап микро және шағын бизнес субъектілерін жоспарлы тексеруден үш жыл мерзімге босату мүмкіндігін қарастыруды ұсынған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шағын бизнес – ел экономикасының күретамыры. Алпауыт мемлекеттерде бұл бағыттың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 55–65 пайызға дейін жетсе, Қазақстанда бұл көрсеткіш 40 пайыз шамасында. Экономистер бұл саланы әлі де қолдау керек екенін айтты. Мамандардың пікірінше, шағын кәсіпкерліктің дамуы халықтың өзін-өзі жұмыспен қамтуына, табыс табуына және мемлекетке тәуелділігін азайтуға мүмкіндік береді. Ал Мемлекет басшысы ұсынған бастама осы кәсіпкерліктің дамуына серпін бермек.

«40 пайыз – өте аз көрсеткіш, 50 пайызға  жеткізе алмай жатырмыз. Халықтың кейбір бөлігін шағын бизнеспен шұғылдану мүмкіндігін шектеп, бюджеттің жәрдеміне, әлеуметтік қорғанысқа және банктегі қарызға жүгінуге мәжбүр. Дамыту үшін тексерулерді азайту қажет. Себебі бізде не көп? Тексеретіндер көп», – деді экономист Сапарбай Жобаев.

 Кәсіпкерлердің өздері де жаңа Салық кодексі күшіне енгеннен кейін бизнеске түсетін салмақтың артқанын жасырмайды. Олардың айтуынша, мораторий енгізілсе бұл кәсіп иелеріне үлкен қолдау болып, жұмысты еркін жүргізуге мүмкіндік берер еді.

«Бұл – бизнес үшін жақсы жаңалық. Себебі жаңа Салық кодексінің енгізілуіне байланысты кәсіпкерлерге түсетін қысым күшейіп, бизнес белсенділігі төмендеді. Егер бизнеске үш жылдық жеңілдік берілсе, кәсіпкерлерге оң әсер етеді. Салықтық қысым азайып, бизнес мемлекеттік органдарға алаңдамай, өз жұмысын тұрақты жүргізуге мүмкіндік алады», – деді кәсіпкер Сәкен Ешмұратов.

Кәсіпкерлер мораторий енгізумен шектелмей, субсидиялау мәселесін де қайта қарауды ұсынады. Өйткені кейбір бағыттар мемлекеттік қолдау шараларынан тыс қалып отыр.

«Менің ойымша, тексерістерге мораторий енгізумен қатар, бизнесті субсидиялау да қажет. Бұған дейін «Даму» бағдарламасы бойынша несие 6–8 пайызбен берілсе, қазір мөлшерлеме 12,7 пайызға дейін өскен. Ал мейрамхана саласында мұндай қолдау мүлде жоқ. Ең бастысы, кәсіпкер қанша салық төлейтінін нақты біліп, мемлекеттік органдардың артық тексеруінсіз, алаңдамай жұмыс істеуі керек. Сонда көлеңкелі бизнестің де заңдастырылуына мүмкіндік туады», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі, кәсіпкер Дмитрий Инютин

Айта кетейік, 2020–2023 жылдары да шағын және микро бизнесті тексеруге шектеу қойылған болатын. Нәтижесінде тексерулер саны едәуір қысқарған. Ал былтыр 50 мыңнан астам тексеру жүргізілген.

 Мәди Бижан, Данияр Омар, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Алматы жәрмеңкесіне Шығыс Қазақстаннан 150 тонна өнім жеткізіледі