Соңғы уақытта алматылықтардың дені ақшасын депозитте ұстайтын болған. Мәселен, елдегі жалпы депозиттегі мегаполис тұрғындары салымдарының үлесі қараша айындағы жағдай бойынша 42 процентті құраған. Сәйкесінше, отандық банктер де пайыздық мөлшерлемені көтерген. Атап айтқанда, елдегі 7 қаржы ұйымы толықтыруға болатын жинақ депозиттері бойынша пайызды көтерсе, бесеуі толықтырусыз жинақ салымдарының шарттарын өзгерткен. Бұндайда қазақстандықтар қаржысын тиімді сақтау үшін не істеу керек?
Осы және өзге сұрақтарға»Алматы» телеарнасының студия қонағы «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» акционерлік қоғамының ресми өкілі Айбота Жаппарберген жауап береді.
– Еліміздегі банктердің депозиттер бойынша пайыздық мөлшерлемені жаппай көтеруіне не себеп?
«Басты себеп елімізде өршіп отырған инфляцияны ауыздықтау мақсатында Қазақстан Ұлттық банкінің жүргізіп отырған ақша кредит саясаты деуге болады. Өткен 2025 жылы ҰБ базалық мөлшерлемені 2 рет көтерді, алғаш рет наурыз-сәуір айларында 16,50 пайызға дейін, бұл алғашқы толқын болатын. Екінші толқын күзде қазан айында басталды. ҰБ базалық мөлшерлемені 16,50 пайыздан 18 пайызға дейін көтерді. Сәйкесінше, еліміздегі барлық екінші деңгейлі банктер осыған байланысты өздерінің депозиттік өнімдері бойынша мөлшерлемені де жоғарылатты. Тағы бір айта кететін мәселе, банктердің арасындағы бәсекелестікті де жоққа шығаруға болмайды. Өйткені қазіргі уақытта елімізде банктердің негізгі ақша жинау көзі– ол халық тарапынан жиналатын ақша. Сондықтан халықтың қаражатын молынан жинау мақсатында банктер жаңа депозиттік өнімдерді ұсынып, пайыздық мөлшерлемені барынша тартымды етуге тырысады.
– Орта есеппен мөлшерлеме қанша пайызға өсті?
«Бұл жерде енді салымдардың түрлеріне қарай бөліп айтар болсақ, 2025 жылы соңғы мәліметтер бойынша 12 банк мерзімсіз салымдар бойынша мөлшерлемені көтерді. Қаңтар айында мерзімсіз салымдар 15 пайыз, жылдың соңына қарай 16,50 пайызға дейін көтерілді. Салымдардың тағы бір түрі мерзімді салымдар. Мерзімді салымдарды елімізде 7 банк қабылдайды. Қаңтар айында осы салымның максималды мөлшерлеме 16,7 пайыз болса, жыл соңына қарай ол 20 пайызға дейін көтерілді. Жинақ салымдарға келер болсақ, толықтыруға болатын түрлерін 11 банк қабылдайды. Жылдың басында 16,7 пайыз болса, соңына қарай 20 пайызға көтерілді. Ал толықтыруға болмайтын түрлерін 14 банк қабылдайды, максималды мөлшерлеме 18,5 пайыз, жыл соңында 20,5 пайызға көтерілді».
Оқи отырыңыз: Жан басына шаққанда – 15 мың доллар Президент ұлттық экономиканың өсімі туралы