Шымкентте Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр
Шымкентте Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысы басталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үкіметтің баспасөз қызметінен хабарлағанда, ЕҮАК отырысы басталар алдында делегация басшыларын суретке түсіру рәсімі өтті.
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өтіп жатқан отырысқа Беларусь Республикасының Премьер-министрі Александр Турчин, Министрлер кабинетінің төрағасы – Қырғыз Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Адылбек Касымалиев, Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин, Армения Республикасының вице-премьері Мгер Григорян, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаев қатысуда.
Бақылаушы мемлекеттерден Өзбекстан Республикасының Премьер-министрі Абдулла Арипов, Куба Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – сыртқы сауда және шетелдік инвестициялар министрі Оскар Перес-Олива Фрага, сондай-ақ Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшісі Али Акбар Джоукар бар.
Премьер-министр Олжас Бектенов өз сөзінде Еуразиялық экономикалық одақ экономикалық өзара іс-қимылды тереңдетуге бағдарланған халықаралық ұйым болып саналатынын, ол негізгі Шарттың бірінші бабында бекітілгенін атап өтті.
Әлемдегі қазіргі қалыптасып отырған күрделі геосаяси ахуалға қарамастан, Бірлестік тұрақты түрде өз мақсаттары мен міндеттерін орындап, ЕАЭО мемлекеттерінің тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз етуге бағытталған. Ең алдымен бұл тауарлар, қызметтер, капитал және еңбек күшінің еркін қозғалысын қамтамасыз ететін біртұтас нарық құруға қатысты. Сонымен қатар ЕАЭО ұлттық экономикаларды технологиялық жаңартуға, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға және мүше мемлекеттердің әлемдік нарықтағы позицияларын нығайтуға ықпал етеді.
«2026 жылғы 1 қаңтардан бері Қазақстан Республикасы Еуразиялық экономикалық одақ органдарында төрағалық етеді. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мүше мемлекеттердің атына Қазақстан төрағалығының негізгі басымдықтары көрсетілген үндеу жолдады. Ең алдымен, біздің назарымыз ЕАЭО-ның қызметі салаларында жасанды интеллектті қолдануға бағытталатын болады. Мүше мемлекеттер үшін кедендік әкімшілендіру, логистика, өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және басқа салалардағы жасанды интеллектті қолдана отырып, заманауи технологияларға бейімделу маңызды. Қазақстан өзінің алдына толыққанды цифрлық ел болу жөнінде стратегиялық міндет қойып отыр. Осы мақсатта Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық IT-стартаптар технопаркі саналатын Astana Hub компаниясының негізінде заманауи экожүйе қалыптастырды. Білім беруді, ғылыми зерттеулерді және инновациялық жобаларды қолдау бастамасы біріктіретін Alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Біз ЕАЭО бойынша әріптестермен цифрлық реттеу және экономиканы трансформациялау саласында білім мен тәжірибе алмасуға дайынбыз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Оқи отырыңыз: Жалған «халық заңгері» чаты: ҚМА алаяқтардың кезекті айласы туралы ескертті