Елімізде сапалы әрі жайлы тұрғын үйге деген сұраныс артып келеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Халық пәтердің ішкі жағдайына ғана емес, айналасындағы инфрақұрылымына да баса мән береді. Сондықтан соңғы жылдары «қала ішіндегі қала» қағидаты бойынша салынатын тұрғын үй кешендері көптің назарында. Елде қарқынды құрылысқа қарамастан, баспана тапшылығы әлі де өзекті мәселе. БҰҰ ұсынған стандарт бойынша, әр адамға қолайлы өмір үшін 30 шаршы метр тұрғын үй тиесілі болуы керек. Қазақстанда орташа көрсеткіш былтыр 24,5 шаршы метрді құраған. Соңғы бес жылда индикатор небәрі 2,3 шаршы метрге ғана өскен. Алайда мегаполистерде жағдай едәуір жақсы. Былтыр елордада әр тұрғынға 32 шаршы метрден, ал Алматыда 30 шаршы метрден тиген көрінеді. Кей өңірлерде көрсеткіш біршама төмен.
Атап айтқанда, Жетісу, Абай және Жамбыл облыстары тізімнің соңында тұр. Тұрғын үйге деген сұранысты алып-сату келісімшарттарының санынан анық аңғаруға болады. Алматы мен Астанада жоғары көрсеткіш тіркелген. Өйткені аталған қалаларда халық санының өсімі мен құрылыс нысандарының қарқыны жоғары. Мамандардың пікірінше, азаматтарды жайлы баспанамен қамтамасыз ету үшін шаһарларда жаңа, заманауи үлгідегі үйлер салынуы тиіс. Яғни, халыққа экологиялық таза «ақылды» баспана ұсынылуы керек. Әсіресе «қала ішіндегі қала» форматындағы кешендер бүгінде үлкен сұранысқа ие. Бұл – жай тұрғын үй емес, тұтас бір инфрақұрылымдық жүйе. Нақтырақ айқанда, балабақша мен мектептен бастап, дәмхана, дүкен секілді қажеттінің барлығы жақын маңайда орналасуы тиіс.