Экология министрлігі жақын күндері Үкіметке киік мәселесіне қатысты құжат ұсынбақ
Ақмола облысының диқандары киіктен зардап шегіп отырғандарын айтып, дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сайын даланы мекендеп, судың тұнығын ішіп, жердің сұлуын таңдап көшіп-қонып жүретін киелі киіктен бүгінде шаруаларға келетін шығын шаш етектен. Көкше төрінде өткен ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы ақбөкендердің күрт артуынан ауыл шаруашылығы зардап шегіп жатқанын айтқан. Бүгін Мәжіліске келген диқандар да шарасыз күйге түскенін айтты. Ақмола облысы шаруаларының атынан сөз сөйлеген Ғалымхан Сақанов үш ауданның өзінде түз тағысынан 300 мың гектар аумаққа зиян келгенін жеткізді.
«Бес жылдан бері диқандар егістік алқаптарын киіктерден қорғау мәселесін шеше алмай келеді. Олар ақбөкендерді алқаптан айдап шығарып, егінді аман алып қалуға тырысып жатыр. Күзде шаруалар өнім ала алмай қалуы мүмкін, бұл азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндіреді. Жер емген халықтың бәрінің мойнында несиесі бар. Оны қалай төйлейді? Сондықтан, ауыл шаруашылығы мамандары бұл мәселені шешуі тиіс», – деді шаруа қожалығының басшысы Ғалымхан Сақанов.
Батыс Қазақстанда да жағдай ушығып тұр. Былтыр аймақта киік саны 2 миллионнан асқан. Облыстан келген шаруаның айтуынша, қазір өңірде киіктерді аулап жатыр. Алайда олардың еті комбинатқа жеткенше бүлініп кетуі мүмкін. Сондықтан көшпелі ет комбинатын арнайы тоңазытқышпен жабдықтау қажет деген ұсыныс білдірді. Ол сондай-ақ түз тағысының өлексесін мамандар малдарға арналған қорымдарға көміп жатқанын айтып, дабыл қақты.
«Ветеринарлық мамандар ауылдың малын егумен емес,киік өлекселерін жинаумен айналысып жатыр. Акт жасауға қатысуға міндетті деген шешім бар», – деді шаруа қожалығының басшысы Ақылбек Сағитов.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрінің дерегінше, былтыр киіктердің саны 3 миллионға жеткен. Ал биыл 5 миллионнан асуы мүмкін. Ақбөкендер көп мекендейтін өңірлердегі ауыл шаруашылығы алқаптарын сақтап, фермерлерге жедел көмек көрсету үшін өткен жылы өңірлік жедел штабтар құрылған. Олар Ақмола, Батыс Қазақстан, Ұлытау, Қостанай, Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстарында жұмыс істейді.
«Штаб 7 өңірде жұмыс істейді. Оларды облыс әкімдерінің орынбасарлары басқарады. Құрамына аумақтық инспекциялар, «Охотзоопром», ауыл шаруашылығы, табиғи ресурстар, ветеринария басқармалары, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, сондай-ақ киіктер мекендейтін аудан әкімдіктері мен ауыл шаруашылығы бөлімдері кіреді», – деді Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев.
Өз кезегінде депутаттар киіктер санын реттеудің тәсілін ұсынды. Депутат Павел Казанцев Экология министрлігі айтқан өңірлік штабтан бас тартып, республикалық штаб құру керек екенін айтты. Олай болмаған жағдайда киіктен келер қауіп әзірге сейілмейді. Ол «өңірлер өзіне жүктелген міндетті толық орындамай отыр» деп ойын түйді.
«Алдымызда әдемі жазылған есептеріңіз жатыр. Оқысаң, бәрі керемет, бәрі жұмыс істеп жатыр. Алайда жағдай мүлдем олай емес. Мәселені шешу үшін республикалық деңгейде штаб құрылуы тиіс. Сонда ғана облыстар далалық тапсырмаларды жедел әрі уақытылы орындайтын болады», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Павел Казанцев.
Ал мәжілісмен Айдарбек Қожаназаров киіктер санын тек экологиялық емес, экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан да қарастыру қажет деп санайды. Депутаттың пікірінше, реттеудің ең тиімді жолдарының бірі – трофейлік аңшылықты заңдастыру. Ал Еділ Жаңбыршин «ғылыми негізде реттеу механизмін енгізу керек» дейді. Бұл халықаралық практикада бар екен.
«Біріншіден, Жануарлар дүниесін қорғау туралы заңға өзгерістер енгізуіміз керек. Сайғақ популяциясын ғылыми реттеу және диреваттар тіркеу туралы жаңа нормалар енгізу тиіс. Ол жоқ бізде. Ешкім жүйелі жұмыс жасай алмайды. Экологиялық кодекске өзгеріс енгізуіміз керек. Үшіншіден, әкімшілік және қылмыстық кодекстерге өзгеріс керек», – деді ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин.
Мәжіліс қабырғасына жиналғандар түрлі ұсыныс айтты. Алуан пікірдің нүктесін Экология министрлігі қойды. Ведомство жақын күндері Үкіметке киік мәселесіне қатысты құжат ұсынбақ. Бұған дейін Мемлекет басшысы ұлттық құрылтайда Үкіметке білікті мамандарды жұмылдыра отырып, осы мәселені жан-жақты зерделеуді және байыпты шешім қабылдауды тапсырған. Күзге салым киік санын реттеу бойынша шаралар басталуы мүмкін.
Аршат Әділжанқызы, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана
Оқи отырыңыз: Мал терісіне сұраныс жоқ: кәсіпкерлер өнімді қоқысқа тастауға мәжбүр