Мақсат Халық қаржы нарығындағы дүрбелеңнің туындау себебіне тоқталды
Алматы қаласы "Атамекен" өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсұлтан Шоқанов доллар бағамының өсуі импорттық тауарды тұтынушылардың қатарын сейілтуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Десе де, "экспортпен айналысатын IT, туризм саласының мамандары еш ұтылмайды" дейді. Сондай-ақ ол қазір қандай да бір болжам жасаудың ерте екенін және аса қатты өзгеріс күтілмейтінін де жеткізді.
"Макроэкономикалық факторлар тұрғысынан алғанда, қазір жағдай тұрақты деп айта аламын. Мемлекет не істеп жатқанын біледі. Үкімет алдағы жоспарын таныстырды. Сондықтан қазір барлығы бақылауда деп айтуға болады", – деді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрсұлтан Шоқанов.
Ал экономист Мақсат Халықтың сөзінше, қазір қаржы нарығындағы дүрбелеңнің туындауына әлемдік спекулянттар мен ойыншылардың ықпалы, дақпырт ақпараттың таралуы да әсер етіп жатыр. Маман егер Үкімет тиісті шараларды дер кезінде қабылдаса, инфлияцияны тежеуге мүмкіндік туатынын айтты.
"Инфлияцияны ауыздықтайтын болсақ, онда белгілі дәрежеде халықтың төлем қабілеті қалыпқа келеді. Сол кезде инфлияция 5 пайыз болатын болса, халықтың табысы 10 пайызға өсіп отыруы керек. Сонда 3-4 жылда халықтың жағдайы жақсарып, өмір сүру сапасы жақсарады. Ол үшін Ұлттық банкпен бірлесе отырып жұмыс жасау керек. Нақты бағдарлама керек", – деді экономист Мақсат Халық.
Оқи отырыңыз: Дефолт жайында айтудың қажеті жоқ: ҰЭМ министрі мәлімдеме жасады