Көрші ел салымшыларының басым бөлігі елдегі өңдеу өнеркәсібіне ден қояды
Ресей былтыр Қазақстанға 2,9 миллиард доллар инвестиция құйған. Бұл көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 87,9 пайызға артық. Бұл қаражат көлемі соңғы 18 жылдың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ресейлік компаниялар Қазақстан экономикасындағы жетекші инвесторлардың бестігіне кіреді. Көрші ел салымшыларының басым бөлігі біздегі өңдеу өнеркәсібіне ден қояды. Екінші орында көтерме және бөлшек сауда саласы, ал үштікті тау-кен өнеркәсібі түйіндейді. Қазір республика аумағында жұмыс істейтін шетелдік үлесі бар 42 мыңнан астам кәсіпорын бар, ал оның жартысына жуығы, яғни 19 мыңы – ресейлік компания.
"Қазақстан мен Ресей арасындағы инвестиция қай тараптан болмасын, ешқашан тоқтаған емес. Екі елдің экономикасы бір-біріне ұқсас. Энергетикалық жүйеге келгенде де байланыс бар деп айтуға болады. Ресейлік кәсіпкерлер тау-кен өнеркәсібіне де қызығушылық танытады. Ал IT саласына сұраныс көп", – деді қаржыгер Расул Рысмамбетов.
Соңғы 18 жылда көрші мемлекет 20 миллиард АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйған. Бұл – Еуразия экономикалық одағы мемлекеттері арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Ал Қазақстанның Ресейдегі инвестициясы 6 млрд долларға жуықтаған.
"2023 жылы 2022 жылға қарағанда қазақстандық инвесторлар Ресейге 1,6 миллиард АҚШ доллар қаражатын инвестицияға құйған. Жобалар еліміздің бір жағынан инвестициялық мүмкіндігін және экспорттық потенциалын тиімді пайдалануға бағытталған", – деді экономист Қуанышбек Дүйсенов.
Айта кетейік, егемендік алғалы ел экономикасына 417 млрд доллар шетелдік инвестиция салынды. Алдағы 5 жылда тағы 400 млрд доллар тарту жоспарланған. Бұл республика экономикасын әртараптандырып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға зор үлес қосады.
Гүлмарал Изатқызы, Владислав Иващенко
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Ресей арасында 135 ортақ жоба бар