Отандық өнім: Қазақстанда ойыншық өндірісі қалай дамып жатыр

22.07.2025 09:00

Қазақстанда импорттық өнімдерге балама ретінде өз ойыншықтарын шығаратын компаниялар саны артып келеді

Depositphotos

2025 жылғы қаңтар–маусым айларында Қазақстанда 246,7 млн теңгеге ойындар мен ойыншықтар өндірілді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ойыншық өндіру көлемі бойынша үш өңір көш бастап тұр:

  • Алматы облысы — 95,8 млн теңге (былтырғы 78,1 млн теңгеге қарсы). Жылдық өсім — 22,7%;

  • Қарағанды облысы — 55,4 млн теңге;

  • Алматы қаласы — 46,7 млн теңге.

Ел бойынша адамдарды бейнелейтін қуыршақтар, жануарлар және өзге тіршілік иелерінің пішініндегі ойыншықтар мен олардың бөлшектерінен 19,3 мың дана өндірілді. Бұл — былтырғы 6,6 мың данамен салыстырғанда айтарлықтай өсім. Ал ойыншық пойыздар мен олардың керек-жарақтары, құрастыруға арналған үлгілер мен балалар конструкторларының шығарылымы 15,7 мың дананы құрап, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе азайды.

Айта кетейік, Қазақстан нарығындағы ойыншықтарға деген сұраныстың басым бөлігін импорттық өнімдер қамтамасыз етеді.

2025 жылдың маусым айында Қазақстанда ойындар мен ойыншықтар бағасы жылдық есеппен 9,8%-ға қымбаттады. Бағаның ең жоғары өсуі балалар конструкторлары санатында тіркелді — бірден 12,1%-ға. Жұмсақ ойыншықтар 10,6%-ға, үстел ойындары 6%-ға қымбаттады.

Ойыншықтар ең көп қымбаттаған өңірлер:

  • Солтүстік Қазақстан облысы — 25,3%;

  • Атырау облысы — 20,6%;

  • Батыс Қазақстан облысы — 14,5%;

  • Ақтөбе облысы — 13,7%;

  • Алматы қаласы — 12,2%.

Баға ең аз өзгерген өңірлер:

  • Қарағанды облысы — 1,2%;

  • Маңғыстау облысы — 1,6%;

  • Жетісу облысы — 3,1%.

Ал Алматы және Ұлытау облыстарында ойыншық бағасы былтырғы деңгейде қалған.

Statista мәліметінше, 2025 жылы әлемдік ойындар мен ойыншықтар нарығының табысы 132,86 млрд АҚШ долларын құрайды деп күтілуде. Орташа жылдық өсім — 2,42%.

Grand View Research сарапшыларының дерегіне сәйкес, 2023 жылы жаһандық ойыншық және ойын индустриясы 324,66 млрд АҚШ долларына бағаланған. Ал 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 439,91 млрд долларға жетіп, 2024–2030 жылдар аралығында орта есеппен жылына 4,3%-ға өседі деп болжануда.

Ойыншықтар мен ойындар индустриясының дамуына бірқатар факторлар әсер етуде: ата-аналардың экологиялық ойыншықтарға қызығушылығының артуы, дәстүрлі ойыншықтар мен бейнеойындардың қайта танымал болуы, ойыншықтардың когнитивтік пайдасы туралы ақпараттанудың жоғарылауы және мобильді ойындардың кең таралуы. Сарапшылардың айтуынша, дәстүрлі ойындар мен ойыншықтар нарығы да өседі. Себебі жастар арасында құрастыру ойыншықтары мен басқатырғыш ойындарға деген сұраныс артып келеді.

Оқи отырыңыз: Теңге құнсызданып барады: маусымдық құбылыс па

Теги: игрушки