Үкімет 2027-2029 жылдарға арналған бюджет жобасын бекітті

Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2027 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 25,6 триллион теңге болады деп есептеп отыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алдағы үш жылда Ұлттық қорға түсетін түсімдердің жалпы көлемі 16 триллион 300 миллиард теңге болады. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осындай болжам айтты. Оның сөзінше, 2027-2029 жылдары мемлекеттік қазынаға жыл сайын 5 триллион теңгеден астам қаражат түсіп, қордың валюталық активтері 70,6 миллиард долларға дейін ұлғаяды.

Үкіметтің Ұлттық қордан ақша алуды азайту жоспары ұзаққа бармайтын сыңайлы. Министрлер кабинеті алдағы үш жылда қордан бюджетке қайтадан қомақты қаражат алмақ. Вице-премьер Жұманғарин премьер Бектеновке кепілдендірілген қаржыдан бөлек, ірі инфрақұрылымдық жобаларға 5 триллион теңге нысаналы трансферт бөлінетінін жайып салды.

«Кепілдендірілген трансферт бюджет ережесін ескере отырып 2027-2028 жылдары 2 триллион 430 миллиард теңге және 2029 жылы 2 триллион теңге көлемінде айқындалды. Сондай-ақ аса маңызды нысандар мен жалпы ел үшін маңызы бар жобаларды қаржыландыруға Ұлттық қордан 2027 жылы 2 триллион теңге және 2028- 2029 жылдары әр жылға 1,5 триллион теңге нысаналы трансферт қарастырылған», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Қаржы министрі Мәди Тәкиев 2027 жылы республикалық бюджеттің шығыстары 25,6 триллион теңге болады деп есептеп отыр. Оның ішінде әлеуметтік салаға 10 триллион 544 миллиард теңге бөлінеді. Әлеуметтік төлемдер мен халыққа берілетін көмекті көбейтуге қосымша 739 миллиард теңге жұмсалады. Ал экономиканың нақты секторын қолдауға 3 триллион 892 миллиард теңге қарастырылған. Министрдің айтуынша, бұл биылғы жоспардан 507 миллиард теңгеге көп.

«Шығыстардың ұлғаюы, ең алдымен ел экономикасы үшін жүйелі, маңызы бар инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастырумен байланысты болды. Жалпы алғанда, жергілікті атқарушы органдардың даму бюджеттерін ескере отырып, экономиканың нақты секторын қолдауға арналған шығыстар, шамамен 7 триллион теңге», – деді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.

Баяндамашыларды мұқият тыңдаған Премьер Бектенов жауаптыларға бюджеттің әрбір тиынын тиімді жұмсауды жүктеді. Сондай-ақ инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандардың құрылысын жеделдетуді тапсырды. Үкімет осылайша 2027-2029 жылдарға арналған республикалық  бюджет жобасын бекітті. Енді құжат Құрылтайға ұсынылады.

Астанадан Аршат Әділжанқызы, Данияр Омар, Әлихан Өтеген

Оқи отырыңыз: 2027-2029 жылдары Қазақстанның ЖІӨ-нің орташа жылдық нақты өсімі 5%-дан жоғары болады