14 жасқа толған жасөспірімдер жаз мезгілінде жұмыс істей алады. Ол үшін электронды еңбек биржасына жүгініп, оқушыларға арналған бос жұмыс орындарын таңдау қажет. Онда шығармашылық, IT, маркетинг секілді салаларда ұсыныстар бар, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Тоғыз ай бойы білім нәрімен сусындаған оқушылар жаз мезгілін асыға күтетіні анық. Алайда оқу жылының аяқталуы тек демалыс қана емес. Ол уақытты тиімді пайдаланып, ақша табуға, тәжірибе жинауға және еңбек өтілін ресми есептеуге берілген мүмкіндік. Ал бұл мүмкіндікті жіберіп алмас үшін оқушылар Enbek.kz порталының көмегіне жүгініп, «Менің жазғы каникулым» деген бөлімге өтуі керек. Онда 14 пен 18 жасқа дейінгі балалар үшін түрлі жұмыстар қарастырылған. Мәселен, оқушылар театр, кино, цирк сияқты шығармашылық салаларда, сондай-ақ сауда, тамақтану, SMM, маркетинг және digital секілді бағыттарда еңбектеніп, жалақы ала алады. Айлық мөлшері 85 мыңнан 130 мың теңгеге дейін.
Айта кету керек, кәмелетке толмағандар тек жеңіл жұмыспен қамтылады. Материалдық жауапкершілік жүктелетін қызметтерге қабылданбайды. Сондай-ақ бірқатар шектеулер де қарастырылған. Заң бойынша 14 пен 16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағат, яғни күніне 4,5 сағат қана жұмыс істеуіне рұқсат етіледі. Ал 16 мен 18 жас аралығындағылар аптасына 36 сағат еңбектене алады. Сонымен қатар 14 жастағы оқушының ата-анасы міндетті түрде еңбек келісімшартына қол қоюы қажет. Ал негізгі орта білімі бар, 15 жастан асқандар келісімшартты өзі жасауға құқылы. Бұл ретте Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі сақтық шараларын естен шығармауды ескертеді. Өйткені, еңбек шарты жүйеде тіркелген жағдайда ғана жасөспірімнің еңбек өтілі ресми есептеліп, құқығы заңмен қорғалады.
Алматы – алып шаһар. Сондықтан, оқуға түсу үшін де, жұмыс істеу үшін де осында ағылатын азаматтар саны жыл сайын көбеймесе, азаяр емес. Десе де, мегаполисте екі қолға бір күрек табуға мүмкіндік көп. Бүгінде қалада жұмыссыздық деңгейі 4,4 пайызды құрайды. Бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен сәл төмен. Осыған байланысты мемлекет пен жұмыс берушілер бірлесіп, табысы төмен азаматтарды субсидиялайтын жұмыс орындарын ашып, кәсіби оқыту бағдарламаларын іске қосқан. Мәселен, қазірдің өзінде мегаполисте 3,5 мыңнан аса бос жұмыс орны бар. Оның 500-ден астамы жастар үшін қарастырылған. Ал 300 жұмыс орны орташа айлықтан жоғары жалақы ұсынады. Бұл – нарықта жас мамандарға сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.
«Бізде ең бірінші білім беру саласының мамандарына сұраныс көп. Онда орташа жалақы 450 мың теңгенің төңірегінде. Екінші орында медицина мамандары, нақтырақ айтсақ, онколог, офтальмолог, хирург секілді бейінді дәрігерлер қажет. Олардың жалақысы 500 мың теңгеден асады. Сонымен қатар қаржы саласының мамандары да сұранысқа ие. Банк менеджерлері мен тәуекел-менеджерлердің жалақысы 450 мың теңгеден жоғары», – деді Алматы қаласы Еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары Әділет Жаңабаев.
Алматы республика көлемінде жалақы деңгейі бойынша өз позициясын сақтап отыр. Алайда елорда мен мұнай өндіретін өңірлерден кейінгі орында тұр. Биыл алғашқы тоқсанда мегаполистегі орташа айлық мөлшері 570 мың теңгеден асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп. Ал ел бойынша бұл көрсеткіш 460 мың теңгенің төңірегінде.
Сарапшылардың айтуынша, Алматыда жоғары табыстың қалыптасуына қаржы секторының, IT-индустрияның және халықаралық бизнестің көптеп шоғырлануы әсер етеді.
Айта кетейік, қалада ең жоғары жалақы алатындардың бірі – IT саласының мамандары. Олар айына шамамен 850 мың мен 1 жарым миллион теңгенің аралығында табыс табады. Кейінгі орында – қаржыгерлер тұр. Салалық аналитиктер, экономистер, есепшілер және банк операциялары бойынша мамандар шамамен 600 мың теңге көлемінде жалақы алады.
Оқи отырыңыз: Алматыда соңғы бір жылда 8 жаңа автобус бағыты іске қосылды