Алматыда соңғы бір жылда 8 жаңа автобус бағыты іске қосылды

Қалада 10 маршрут бойынша жылжымалы құрам жаңартылып, тағы 162 көлік желіге шықты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда соңғы бір жылдың ішінде қоғамдық көліктің  8 жаңа бағыты іске қосылып, 105 автобус қолданысқа берілген. Сонымен қатар 10 маршрут бойынша жылжымалы құрам жаңартылып, тағы 162 көлік желіге шықты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Алматыда жыл басынан бері 3 автобус бағыты ашылды. Сондай-ақ «Әуезов-сити» шағынауданында жаңа маршрут іске қосылмақ. Қазір шаһарда шамадан тыс жүктемесі бар, қайталанатын бағыттар мен тасымалға сұранысы жоғары аудандар анықталып жатыр. Жыл соңына дейін қалалық маршруттарды толықтай экологиялық көлікке көшіру жоспарланып отыр. Бүгінде автобустардың 64 пайыздан астамы газбен жүреді, ал 4,7 проценті электробус болса, тағы 7,2 пайызын троллейбустар құрайды. Қазір мегаполисте жалпы 26 тасымалдаушы компания 206 бағытқа қызмет көрсетеді. Жол инфрақұрылымын жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Қалада бүгінде 642 бағдаршам нысаны жұмыс істейді.

«2025 жылы 396 мың шаршы метр жол таңбасы сызылып, 3 558 жол белгісі орнатылды, 2 761 белгі ауыстырылды және 6 450 метр бөлгіш қоршау қойылды. Биыл тағы 2,5 мыңнан астам жол белгісін орнатып, кемінде 350 мың шаршы метр жол таңбасын жаңарту жоспарланып отыр. Одан бөлек, мегаполистегі 2 261 аялдаманың 2 089-ы автопавильондармен жабдықталған. Былтыр 56 кешен жаңартылса, биыл тағы 200-ден астамын ретке келтіреміз», – деді Жолаушылар көлігі мен жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диқанбаев.

Тұрғындардың қоғамдық көлікпен жүруін жеңілдету үшін LRT желісін салу бойынша шаруа басталып кеткен. Бүгінде жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Қорытынды биыл шілде айында шығады. Ұзындығы 18,3 шақырым болатын алғашқы желі Төле би көшесімен өтіп, әрі қарай Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 теміржол вокзалына дейін, сондай-ақ Момышұлы көшесі арқылы Алатау ауданындағы Индустриялық аймаққа дейін барады.

Алматының батыс бөлігіндегі көлік жүктемесін айтарлықтай азайтуға бағытталған ірі жобаның бірі – «Қалқаман» метро стансасы. Қазір нысандағы жұмыстың 95 пайызы біткен. Жауаптылардың сөзінше, бүгінде бекет маңын абаттандыру ісі жүріп жатыр. Мердігер компания өкілдері 2 жылда атқаратын шаруаны 11 айда бітіріп, сол жақ тоннелді қазу жұмыстары жедел аяқталған.

Жолдағы жүктемені жеңілдету үшін Саин көшесін Рысқұлов даңғылынан Мөңке би көшесіне дейінгі аумақта ұзарту да қолға алынған.Бүгінде жоба аяқталуға жақын. Сала мамандары «Бұл бастама көлік қозғалысын жеңілдетіп, негізгі магистральдар арасындағы байланысты күшейтеді» дейді. Қала әкімдігі өкілдерінің сөзінше, мегаполисте велосипед инфрақұрылымы да кеңейтіледі.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек

Оқи отырыңыз: Алматыда мейрамханаларда қатты және сұйық отын жағуға тыйым салынады

Новости партнеров