Жолдауда айтылған мәселе: баға тұрақсыздығын шешуде үздік әлемдік тәжірибені ескеру керек

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдегі жоғары инфляцияны сынға алды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Бүгінгі ең негізгі проблема – жоғары инфляция. Ол экономикалық көрсеткіштер өсімі мен халықтың табысын «жеп» қояды». Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында елдегі жоғары инфляцияны сынға алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Биыл оның деңгейі 12,5 пайызға жеткен. Президент қазір арқанды қатты тартумен айналысатын кез емес екенін айтып, Үкімет пен Ұлттық банкке бірігіп жұмыс істеуді тапсырды. Баға тұрақсыздығы тоқтамай тұр деген сарапшылар да бұл бағытта үздік әлемдік тәжірибені ескеру керек дегенді алға тартады.

«Бұл елімізде үлкен құрылымдық проблемалардың бар екенін көрсетеді. Мұны Ұлттық банк өздігінен шеше алмайды. Сондықтан бұл бағытта әлі де атқарылар жұмыс көп. Президент айтқан мәселе шешілсе, экономикадағы монополия деңгейі төмендеп, ұзақ мерзімде инфляцияға оң әсерін тигізеді», – деді экономист Марат Қайырленов.

Президентті сондай-ақ зейнетақы жүйесінің болашағы алаңдатады. Айтуынша, демографиялық өзгерістер мен еңбек нарығындағы жаңа үрдістер қазіргі жүйені қайта қарауды талап етеді. Сондықтан Үкіметке Ұлттық банкпен және Стратегиялық жоспарлау агенттігімен бірлесе отырып, зейнетақы қорын нығайту, төлемдердің ұзақ мерзімде әділ әрі жеткілікті деңгейде сақталуын қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қабылдауды тапсырылды.

«Зейнетке шығу жасын көтерген, қазір ол уақытша тоқтап тұр. Үкімет алдында үлкен міндет бар. Ол тек зейнетақыны емес, халықтың табысын арттыру. Өйткені баға шарықтап жатқанда, табыс та өсуі керек. Ал табыс көбеймесе, қымбатшылық халықтың жағдайын одан сайын қиындатады», – деді Қоғамдық саясат институты әлеуметтік-экономикалық талдау бөлімінің жетекшісі Алтай Дүйсекеев.

Оқи отырыңыз: Жолдау — 2025: медициналық көмек сапасын басқарудың кешенді жоспары әзірленеді

Новости партнеров