|
05.03.2019 | 20:36
7518

Қазақстан энергетика тапшылығымен қалай күреседі – маман пікірі

Тапшылықты жою үшін баламалы энергия көздерін дамыту көзделіп отыр

Қазақстан энергетика тапшылығымен қалай күреседі – маман пікірі

Елімізде Атом электр станциясы салынуы мүмкін. Алайда, оның құрылысы қай уақытқа белгіленіп, қайда бой көтеретіні белгісіз. Осы ретте сарапшылардың пікірі әр тарапқа бөлініп жатыр. Бірі «келешек – атом энергетикасында» десе, енді бірі «балама қуат көздерінде» дегенді алға тартады.

Бір анығы, елімізде қазір Күннен және желден тоқ өндіруге қауқарлы 70-тен астам станция бар. 2009 жылдан бері кезең-кезеңмен жүргізілген жұмыстардың нәтижесі жайлы еліміздің Энергетика министрлігі Жаңартылатын энергия көздері департаментінің басқарма басшысы Абай Құланбай айтып берді.

– Абай Құланбайұлы, осыдан 10 жыл бұрын Қазақстанда баламалы қуат көздерін қолдау туралы заң қабылданған болатын. Бұл бізге не берді?

– Жаңартылатын энергия көздерін қолдау туралы заң осыдан 10 жыл бұрын 4 шілдеде қабылданған. Осы 10 жылдың ішінде жалпы жаңартылатын энергия көздерінің қуаты 7 есеге өсті. Кезінде 100 мегаватт болса, қазір 684 мегаватты құрайды. Ал, осы салаға құйылған отандық және шетелдік инвестициялар көлемі 206 миллиард теңгеден асты. Жаңа жұмыс орындары құрылды.

Еліміздің жалпы энергетикалық теңгерімінде қазіргі таңда 1,5 пайызы осы жаңартылатын көздеріне тиесілі. Бұл дегеніміз, 1,3 миллиард киловат сағатты құрайтын энергия экономикамыздың дамуына үлесін қосып жатыр деген сөз. Яғни 1,3 миллиард дегеніміз Қызылорда облысының бір жылда тұтынатын энергиясына пара-пар. Яғни сол өңірді біз 100 пайыз жасыл энергетикамен қамтып отырамыз.  

– Соңғы жылдары елімізде энергия тапшылығы сезіле бастады. Жуырда ғана Президент елімізде бұл мәселе 2030 жылға таман күрделене түседі деп тағы да еске салды. Бұл саладағы әлемдік тәжірибені ескере отырып, проблеманы шешу үшін не істеуімізге болады?  

– Иә, дұрыс айтасыз, яғни біздің экономикамыз қазір қарқынды дамуына байланысты әр өндірістік ұйымды, зауыттарды одан әрі дамыту үшін энергия керек болады. Сол бойынша бізде нақты нысаналы индикаторлар бекітілген. Келесі жылы оны жалпы теңгерімде 3 пайызға жеткізу керек болса, 2025 жылы 6 пайызға, 2030 жылы 10 пайызға және 2050 жылы жалпы өндірілген электр энергияның тең жартысы осы жаңартылатын және баламалы энергетикаға тиесілі болуы керек. Бұл жоба бойынша ірі, ауқымды жұмыстар істеліп жатыр. Қорыта айтқанда, біздің экономикамыз өскен сайын жаңартылатын энергия көздері қажет болады.

– Абай Құланбайұлы, болашақ – атом энергетикасында деген пікір қалыптасып отыр. Қазір қырықтан астам мемлекет АЭС қуатын пайдаланып отыр. Балама қуат көздері осы атом электр станцияларына балама болуға қаншалықты мардымды?

– Жаңартылатын энергия көздері, жалпы баламалы энергетика болашақтың энергиясы болып табылады. Сондықтан біз жаңа энергия көздерін көбейтуіміз керек. Жаңартылатын энергия көздерінің үлесін дамытқан сайын біз сонымен қатар дәстүрлі энергетиканы көбейту керекпіз, оның ішінде үлкен су электр станциялары ауадай қажет. Яғни осы баламалы энергетиканы ұстап тұру үшін қосалқы газатрубиндік станцияларды дамыту керекпіз. Барлығын қатар алып жүруіміз керек. Оның әлеуеті өте жоғары.

Мысалы, елімізде жел энергетикасының әлеуеті 920 миллиард киловатт сағатты құрайды. Ал судың техникалық жарамды әлеуеті 62 миллиард киловатт сағатты құрайды. Ал Күн энергиясының сәулесін білесіздер, оңтүстік өңірлерден жылына 2,5 мың, 3 мың сағатты құрайды, яғни ол жерлерде осы баламалы энергетиканы дамытуға бізде табиғи жағынан барлық мүмкіндік бар. Сондықтан, біз қазіргі таңда 10 жыл бұрынғы қабылданған заңды әрбір үш-төрт жыл сайын жетілдіріп отыруға тиіспіз. Сонда ғана отандық және шетелдік инвесторларды тартамыз, олар осы іске инвестиция құяды.

– Әңгімеңізге рахмет!

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир