Бұл сайлау саяси бір дәуірдің жаңа бастамасы десек болады. Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы Жұмабек Сарабек 9 маусымдағы кезектен тыс Президенттік сайлау жайлы осылай дейді. Маман бір айғаға созылған кандидаттардың үгіт-насихаты, халықпен тілдесуі және қоғамның сайлауға қатысты сұхбат берді.
– Жұмабек Әділбекұлы, сайлауға дайындықты, кандидаттардың үгіт-насихатына қандай баға бересіз?
– Сайлауалды науқаны өз мәресіне жетті. Ертең – «Тыныштық күні». Арғы күні - сайлау. Сайлау алданда үміткерлер байыпты түрде күрес жүргізіп жатыр. Кейбіреулер мұны Парламент сайлауына дайындық ретінде қарастырып та отыр. Сондықтан оған осы Президент сайлау кезінде кандидаттарының жұмысы арқылы арқылы саяси ұпай жинауға тырысуда. Бұл ретте оларды да түсінуге болады.
– Бұл жолғы саяси шара несімен есте қалды?
– Қазақстандағы биылғы сайлаулар еліміздегі тұтас бір саяси дәуірдің жаңа бастамасы деп айтсақ болады. Тәуелсіздік алғалы бері елді басқарып келе жатқан Назарбаев мырза биліктен бас тартып, бүгінде Қазақстан өзінің тарихындағы екінші Президентін күтуде. Осы сайлаудың басты айырмашылығы ол – қоғамдағы белсенділік. Бұл қоғамның ішіндегі жаңа трендтер туралы хабар береді. Сондай-ақ, саяси күн тәртібіндегі жаңа саяси ойын ережелеріне деген сұраныстың күшейіп келе жатқанын да аңғартады. Оны билік жақсы түсінеді деп ойлаймын.
– «Халықаралық бақылаушылар мен БАҚ-дың сайлауға осыншалықты қызығушылық танытуын қалай түсіндіресіз?
– Сыртқы бақылаушылар үшін Қазақстандағы саяси өзгерістер үлкен маңызға ие. Себебі олар Қазақстанның ішкі саясатында қандай өзгерістер болатынын, Қазақстанның саяси бағыты қалай өзгеретінін, бұрынғы геосаясаси ұстанымдары сақталып қала ма, әлде бағытын өзгерте ме, соны білгілері келеді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Нұржан СӘДІРБАЙ, тілші