Алматыда Тәуелсіздік мейрамы ауқымды түрде атап өтілді (жаңалықтардың арнайы шығарылымы)

Бақытжан Сағынтаев бастаған топ әуезді әннің сүйемелдеуімен Желтоқсан боздақтарына тағзым етті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін - ел тәуелсіздігіне 28 жыл. Қазақ елі бұл мейрамды жыл сайын жоғары деңгейде атап өтеді. Ал, Алматы халқы тарихи күнді егемендік үшін ерлік көрсеткен ұл қыздарын еске алудан бастайды. Жыл сайынғы дәстүрмен биыл да Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтары қойылды. Қала басшысы Бақытжан Сағынтаев бастаған топ әуезді әннің сүйемелдеуімен Желтоқсан боздақтарына тағзым етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Білекті ұлдары мен намысты қыздарына құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын қойғандардың арасында Алматының ардагерлер кеңесі мен Ауған соғысының ардагерлері де бар.

Қазақстан көп ұлтты мемлекет екенін егемендік ала сала жариялаған болатын. Еліміз түрі басқа тілегі бір, жүзі басқа жүрегі бір жандарды бауырына басты. Сөйтіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құрды. Бұл егемендігін енді алған елдегі түрлі ұлт пен ұлыстардың ынтымақтығын жарастырып, тәуелсіздіктің тұғырын мықтауға басты мұрындық болды. Сол себепті, түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері де мейрамды назардан тыс қалдырмайды.

Осы тұста Алматы жастарын ерекше атап өтпеске болмас. Өйткені елдің ертеңі, жарқын болашағы – солардың қолында. Екіншіден, тамырын тереңге тартып, тарих көшінде қалған естелікті ескіртпей, жастар жадына құйып отыру – әр азаматтың парызы. Сондықтан батыр ұл-қыздарды ұмытпай, ерліктерін еске алып, оларды дәріптеу қажет. Жастар ұйымының өкілдері де өздерінің парасатты екендерін көрсетіп мұндай шарадан тыс қалмайды.

Гүл шоқтарын қою рәсімі аяқталған соң Алматы өңірлік гарнизонының сарбаздары рәсімге жиналғандардың алдынан салтанатты түрде сап түзеп өтті.

Жалпы, Елбасы айтқандай Алматы – Тәуелсіздіктің алтын бесігі. Сондықтан да Алматы мен Тәуелсіздік – қашанда егіз ұғым. Себебі еліміз егемендігін алған тұста қазақтың астанасы да осы шаһар болатын. Дәл осы қалада бүгінде тарих дәптерінде қалған елдің болашағына қатысты батыл шешім қабылданып, маңызды жарлықтар шықты. Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығының құрметіне Республика алаңында мыңнан астам адамның қатысуымен флэшмоб ұйымдастырылды.

Новости партнеров