Әлем бойынша COVID-19 вирусын қайта жұқтырғаннан кейінгі алғашқы өлім жағдайы Нидерландта тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Көз жұмған 89 жастағы әйелге бұған дейін қатерлі ісік диагнозы қойылған. Шілдеде ол ауруханаға жеткізілгенде коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен.
Бес күн өткеннен кейін пациент инфекция белгілері болмағаннан кейін ауруханадан сауығып шықты.
Бұдан кейін екі ай өткен соң кейуана дене қызуы көтеріліп, жөтеле бергеннен кейін ауруханаға түскен. Бұл жолы да коронавирусқа тапсырған тесті оң нәтиже көрсеткен.
Вирус анықталғаннан кейінгі сегізінші күні оның жағдайы нашарлай бастаған, екі аптадан соң көз жұмған.
Қазіргі уақытта әлем бойынша коронавирусты қайта жұқтырудың 23 жағдайы тіркелген. Алғашқы жағдай 24 тамызда Гонконгте анықталған еді.
Екінші рет вирус жұқтырған 23 пациенттің 20-сы сауығып шыққан, екеуі ем қабылдап жатыр.