Шымкент қаласында дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен заңсыз сатудың онға жуық жайты анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Шымкент қаласының Полиция департаментімен қала аумағында карантин уақытында қажетті дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігін пайдаланып, жоғары сұранысқа ие болған респираторлық вирустық ауруларды емдеуге арналған дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен пайда табу үшін сатқан дәріхана қызметкерлері мен тұрғындарды анықтау мақсатында жедел-профилактикалық іс-шара жүргізілді.
Қабылданған шаралар нәтижесінде дәрі-дәрмектерді жоғары бағамен заңсыз сатудың онға жуық жайты анықталды.
Жедел іс-шаралар барысында Әлімқұлов көшесі, бес үйдің ауласында үш қойма анықталды. Онда тексеру барысында полиция қызметкерлерімен шақырылған фармацевт мамандарға қойма иесі дәрі-дәрмектерді сатуға арналған арнайы лицензиясын көрсетті. Алайда бұл лицензия басқа ғимаратқа арналғаны туралы фармацевт мамандар баяндады. Аталған қоймаларда дәрі-дәрмектер заңсыз сақталған. Фармацевт мамандар қоймада анықталған дәрі-дәремекті үш топқа бөліп, әрбір дәрі-дәрмектің қайда қолданылатыны туралы түсінік берді.