Қытайдың бірқатар өңірінде коронавирусқа қарсы екпе алмағандарға қоғамдық орындарға баруға тыйым салынады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қытайдың шығысында орналасқан бірқатар провинцияның жергілікті билігі азаматтардан мүмкіндігінше тезірек вакциналаудан өтулерін талап ететін қаулылар жариялады. Белгіленген мерзімде вакциналаудан өтпеген тұлғаларға қоғамдық орындарға баруға тыйым салынады. Мұндай талаптар Чжэцзян және Цзянси провинцияларының халқына енгізілді. Мәселен Чжэцзян провинциясының Нинбо қаласындағы Нинхай уезінің билігі вакцинацияға қарсы көрсетілімдері жоқ 18 жастан асқан бүкіл жергілікті тұрғынды алғашқы екпені - 25 шілдеге дейін, екіншісін - 25 тамызға дейін алуға шақырды.
25 шілдеден бастап вакцинациядан өтпеген тұлғаларға медициналық мекемелердің стационарлық бөлімшелеріне, қарттар үйіне, мектептерге, балабақшаларға, ЖОО-ға, кітапханаларға, мұражайларға, көрікті жерлерге және басқа орындарға баруға тыйым салынады.