Ұлттық ұлан жауынгерлері карантин режимін бұзып, қалаға өзен арқылы кірмек болған төрт азаматты ұстады, деп хабарлайды Almaty.tv Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Коронавирус ауруын алдын алу мақсатында карантинге жабылған Алматы қаласының шеткі аймақтарын күзету шаралары күшейтілді. Атап айтқанда, Алматы облысы Абай елдімекенінің жанында ағатын Ақсай өзені қала мен облысты екіге бөліп тұр. Осы өзеннің жағасында карантиндік режимді бақылау Ұлттық ұлан 5571 әскери бөлімінің жауынгерлеріне сеніп тапсырылған.
«Кеше сағат 13.40 шамысында ұландық жауынгерлер Алматы қаласының кіреберісіне қойылған тосқауыл бекетті айналып өтіп, қалаға аумағына кірмекші болған төрт азаматты қолға түсірді. Қанат Бейсенбаев басшылық жасайтын әскери топ өзенді кесіп өтіп, қала аумағына жақындап келе жатқан екі азаматты байқайды. Оларды тоқтатып, мән-жайды анықтағанда жұмыс іздеп, қала аумағына өтпекші болғандары анықталды», - делінген хабарламада.
Артынша тағы екі азамат Ақсай өзенін кесіп өткен кезде ұландықтардың қолына түскен. Ұсталғандар аудандық Ішкі істер басқармасына жеткізілді.
Айта кетсек, наурыздың 22-сі күні ұландық офицер Еркебұлан Бейсенбай дәл осы Ақсай өзені маңында тағы бір азаматты ұстап, полиция қызметкерлеріне тапсырған болатын.