Асқар Мамин ШҚО-да COVID-19 жағдайын реттеуді тапсырды

primeminister.kz
primeminister.kz
Қазіргі уақытта ҚР-да коронавирус инфекциясымен ауырғандардың 50%-ы Шығыс Қазақстан облысында анықталған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин жұмыс сапары барысында Шығыс Қазақстан облысының Ситуациялық орталығына барып, өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал мәселелері жөнінде селекторлық кеңес өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Эпидемиологиялық жағдай мен қабылданып жатқан шаралар туралы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Д. Ахметов, Өскемен қаласының әкімі Ж. Омар, Семей қаласының әкімі Е. Сәлімов, Зайсан ауданының әкімі С. Зайнулдин, Риддер қаласының әкімі Д. Горьковой, Алтай ауданының әкімі Қ. Байғонысов және денсаулық сақтау министрі А. Цой баяндады. 

Қазіргі уақытта ҚР-да коронавирус инфекциясымен ауырғандардың 50%-ы Шығыс Қазақстан облысында анықталған. Ауруды жұқтырғандар саны бойынша облыс қызыл аймақта орналасқан. Өткен аптамен салыстырғанда, өңірде сырқаттанушылық 5,4 есеге өсті, күн сайын 350-ден аса ауру тіркеліп отыр, жағдайы ауыр науқастардың саны артты. 

7 күн ішіндегі R репродуктивті саны 1,25 құрайды. Инфекциялық төсек-орындардың жүктемесі 23%, реанимациялық төсек-орындар жүктемесі 27,8% жетті. Ауырудың аса жоғары көрсеткіштері Өскемен және Семей қалаларында байқалып отыр. 

Шығыс Қазақстан облысында 584 мобильді медициналық бригаданың жұмысын үйлестіретін Ауру ошақтарын оқшаулау орталығы жұмыс істейді. Бүгінгі таңда желіде 516 бригада бар, олар 1 978 инфекция ошағын және ауруды жұқтырғандармен байланыста болған 4 709 адамды бақылайды. Қажет болған жағдайда қосымша 100 бригада құруға мүмкіндік бар. 

Өңірде 3 254 инфекциялық төсек-орынды, оның ішінде 205 реанимациялық төсек-орынды қамтыған 30 инфекциялық стационар жұмыс істейді. Қосымша 2 756 инфекциялық төсек-орынды, оның ішінде 194 реанимациялық төсек-орынды қамтыған 10 резервтік стационар жасақталған. 

Медициналық мекемелер 346 ӨЖЖ аппаратымен және 1 142 оттегі концентраторымен қамтамасыз етілген. 21 стационарда орталықтандырылған оттегімен қамтамасыз ету бар. 

Тұрақтандыру қорын толықтыру үшін жергілікті бюджеттен 1,9 млрд теңге бөлінді, бұл медициналық мекемелерде екі айлық дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныш құралының қорын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жедел медициналық жәрдем паркі 60 көлікпен толықты, жыл соңына дейін қосымша 156 машина жеткізіледі деп жоспарланып отыр. 

Шығыс Қазақстан облысында COVID-19 диагностикалайтын 13 зертхана жұмыс істейді. 311 мың адам, оның ішінде соңғы тәулікте 4 743 адам тексерілді. 2020 жылғы 1 желтоқсанға дейін Өскемен және Семей қалаларында, сондай-ақ Күршім және Үржар аудандарында қосымша 5 ПТР зертхана ашу жоспарланған. Тестілеу қуаты тәулігіне 6 мың тексеруге дейін жеткізілетін болады. 

128 мониторинг тобы жұмыс істейді. 4 651 нысанды қамтыған 1 627 рейд жүргізілді. 

Үкімет басшысы Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне коронавирус инфекциясының одан әрі таралуына жол бермеу, халыққа санитария талаптарын түсіндіру және олардың сақталуын бақылау, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті нығайту, медициналық мекемелерді білікті кадрмен толықтыру үшін жағдай жасау бойынша жұмысты күшейтуді тапсырды.

Новости партнеров