Әзербайжанда мыңдаған медицина қызметкері вакцина алып, ешқайсысы да денсаулық жағдайына шағымданған жоқ. Бұл туралы Вели Ахундов атындағы медициналық профилактика ғылыми-зерттеу институтының директоры Адиль Аллахвердиев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
А. Аллахвердиевтің сөзінше, вакциналардың барлығының да жетілмеген жақтары болуы мүмкін. Сондай-ақ, олар жүйелі және нақты бір мәселеге байланысты болады.
«Жүйелі түрдегі жанама әсерлері - дене қызуы, әлсіздік, бұлшықет ауыруы және т.б. Жергілікті әсер - бұл вакцина егілген жердегі қызару, ауырсыну. Қазірдің өзінде 60 мыңнан астам медицина қызметкері вакцина алды. Бақылау жұмыстары көрсеткендей, адамдарда күрделі асқынулар байқалмаған. Мен өзім де вакцина алдым. Достарым сияқты ешқандай шағымым жоқ»,– деді ғылыми-зерттеу институтының басшысы.
Дәрігер Түркияда да, Әзербайжанда да вакцина алғандар арасында коронавирусты қайта жұқтыру жағдайлары болмағанын атап өтті. Бүгінгі күнге дейін Әзербайжанда қолданылатын «Coronovac» вакцинасының тиімсіздігі туралы ешқандай ақпарат жоқ. А.Аллахвердиев бұдан бұрын айтқанындай, Әзербайжанға жеткізілген қытайлық «Coronavac» вакцинасы жойылған COVID-19 вирусынан жасалған. «Бұл вакцинаның ең үлкен артықшылығы - екпеден кейінгі кез-келген ауру белгілерінің байқалмауында. Тағы бір артықшылығы - вакцинаны сақтауға ыңғайлы», - деп сендірді сарапшы. Әзербайжан Министрлер Кабинеті жанындағы Жедел штабтың мәліметі бойынша, өткен тәулікте елде тағы 191 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. 226 адам сауығып кеткенімен, 3 адам қайтыс болған. Бүгінгі күнге дейін елде коронавирус жұқтырған 231 840 адам тіркелді. Оның 3173-і қайтыс болды.