Қызылорда облысында мектеп мұғалімдері арасында коронавирус жұқтырудың 23 дерегі тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Облыста дәстүрлі оқу жүйесі басталғаннан бері 193 оқушыдан қатерлі індет анықталды. Олардың басым бөлігі қала мектептерінен табылған.
«Бүгінгі күні 157 сынып 14 күнге карантинге жіберілді. Сондай-ақ дәстүрлі оқу жүйесіндегі мектеп мұғалімдері арасында коронавирус жұқтырудың 23 дерегі тіркелді. Байланыста болғандар анықталып, эпидемияға қарсы тиісті шаралар қабылданды. Бүгінде аймақта аурушаңдықтың тәуліктік көрсеткіші төмендеу тенденциясы бар. Дегенмен сақтық шараларын орындау әлсіремеуі тиіс. Әсіресе адам көп жиналатын орындарда бетперде режимі мен әлеуметтік ара қашықтық сақтауды ұсынамыз. Облыс бойынша вакциналау қарқыны да жаман емес. Дегенмен вирустың түрлі штамдарына төтеп беру үшін белсенділікті әлі де арттыру қажет», – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Динара Жаңабергенова.
Ведомство мәліметінше, облыста карантин талаптарының сақталуын қадағалау бойынша мониторинг жүргізу жалғасуда. Жыл басынан бері рейдтік тексеру барысында 14 525 нысан қамтылды. Нәтижесінде 793 нысанан карантин талаптарын бұзу дерегі анықталды.
Айта кетсек, бұған дейін Қызылордада 126 оқу сыныбы 14 күнге карантинге жіберілді.