Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына өткен тәулікте 789 адам ұшып келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанға 7 ұшақ келіп қонды. Әуе рейстерін Air Astana, Turkish Airlines және Flydubai әуе компаниялары орындады. Экипажды қосқанда жалпы 789 жолаушы ұшып келді. Олардың ішінде 150 адамда ПТР-тест анықтамасы болған жоқ. Осы себепті олар карантин стационарына жеткізілді. Егер аталған адамдарда коронавирус анықталмаса - үйіне қайтады, анықталса - инфекциялық стационарға жатқызылады», – деп хабарлайды Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы.
Айта кетейік, күн сайын елордаға шетелден ұшып келген 100-ден аса жолаушы карантин стационарына жатқызылуда. Күні кеше астанаға 569 адам ұшып келіп, ПТР-тест анықтамасы болмағандықтан оның ішінде 118-і карантинге жатқызылған еді.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы мемлекеттік органдармен бірге коронавирус инфекциясының алдын алу үшін нақты шаралар кешенін жүзеге асыруда:
Жолаушылар міндетті түрде термометриядан өтуі керек. Ол үшін тепловизорлық смарт-камералар қолданылады.
Жолаушылар терминалында тәулік бойы санитарлық-карантиндік бекет бригадалары кезекшілікте жүреді.
Ішкі және халықаралық рейстерде ұшу және қону аумағытарында жолаушыларға арналған санитайзерлер орнатылған.
Жолаушыларды тіркеу, сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының аумағында 1,5 мтерлік әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету тәртібі еденде нақты сызбамен көрсетілген.
Әуежайдың ішкі аумағын арнайы дезинфекциялық құралдарды пайдалана отырып, санитарлық өңдеу жиілігі артты. Вирусқа қарсы белсенділікке ие антисептик қолданылады.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына келетін әуе кемелерінің бәрі де дезинфекциялық өңдеуден өтеді. Сонымен қатар тұрақты түрде жолаушыларға қызмет көрсететін техникада дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі.
Коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу бойынша әуежай қызметкерлерімен нұсқаулық жүргізіледі.