Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев 5 шілдеде күшейтілген шараларды енгізу дұрыс шешім болғанын атап өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. Бұл туралы ол ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкіметтің селекторлық отырысында айтты.
Б. Сағынтаевтың айтуынша, Алматыдағы эпидемиологиялық жағдай кешенді түрде тұрақтанды. Мегаполистегі коронавирус жұқтырғандардың өсуі 2,2%-ға дейін төмендеді. Қазіргі таңда қалада 10 965 COVID-19 жұқтырған адам тіркелген. Олардың ішінде 6 341 адам немесе 60%-ы емделіп шыққан. Коронавирустан қайтыс болғандар саны — 73 адам (0,68%). Пневмония және COVID-19 күдігімен жедел жәрдем шақыру саны 4 есеге азайды. Стационарларға жатқызылатын адамдар саны 2 еседен астам төмендеді. Сондай-ақ емханаға жүгінушілер саны да 2 есе азайды.