Алматыда «дельта» штаммының өршуіне қарамастан, банкет ұйымдастырғандар анықталды

Алматыда «дельта» штаммының өршуіне қарамастан, банкет ұйымдастырғандар анықталды
Мониторинг топ 3 шілдеге қараған түні көңіл көтеретін орындарда карантиннің 14 бұзушылығын анықтады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының мониторинг топтары 3 шілдеге қараған түні көңіл көтеретін орындарда карантиннің 14 бұзушылығын анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv

Мәселен, Медеу ауданының мониторинг топтары Laureate караокесінде 100-ге жуық келуші болғанын, осылайша карантиндік шектеулердің бұзылғанын анықтады. Караоке іші тар, әлеуметтік арақашықтық сақталмаған, келушілер карантиндік шектеулерді елемеген.

Қала тұрғындары мен қонақтары санитарлық дәрігерлердің ұсынымдары мен ережелерін елемей, той өткізіп жатыр. Мысалы, 2 шілдеден 3 шілдеге қараған түні «Атмосфера» барында 150 қонақ қатысқан салтанатты шара өткізілген. Бұл факті бойынша аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына беру үшін әкімшілік материал жиналды.

Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінде атап өткендей, алдын-алу шараларын жаппай елемеудің салдарынан коронавирустың жаңа штаммдары өрши түсті, сондықтан қазіргі кезде сақтану шараларын қатаң ұстанған жөн. Алматыда адамдардың көпшілік және жабық көңіл көтеретін орындарға, тойларға және басқа да мерекелік шараларға баруы жалғасуда.

Айта кетерлігі, коронавирус дерті қалада екі еседен көп өсті. Мегаполисте дерт жұқтырған 56 мың адам тіркелді, олардың 4573-і маусым айында ауырғандар. 2 шілдеде тағы 385 адам коронавирус  инфекциясын жұқтырған. 2021 жылдың бірінші жартысында дерт өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 есеге артқан.

Алматының мемлекеттік бас санитарлық дәрігері Ж. Бекшин тойлардың, түрлі бұқаралық шаралар мен басқосулардың инфекцияны жұқтырудың негізгі ошағына айналғанын айтты. Өйткені инфекциялардың 55%-ы қоғамдық орындарда, мейрамханалар, караоке және түнгі клубтарда жұғуда.

Қазіргі кезде профилактикалық шараларды сақтау өте маңызды, өйткені «дельта» штаммының айналымы жедел, бұл инфекцияны, әсіресе, жастар тез жұқтырып алып жатыр. Сондықтан сақтық шараларына ерекше мән беру керек. Жалпы, коронавирус инфекциясын жұқтыратындардың басым бөлігі 20-39 жастағы (37,6%) және 40-59 жастағы (23,2%) қала тұрғындары. Санитарлық дәрігерлердің айтуынша, КВИ-ді жұқтыруға қоғамның белсенді бөлігі өте бейім.

Дәрігерлер мен санитарлық дәрігерлер қала тұрғындарын белгіленген ережелерді міндетті түрде сақтауға шақырады, олардың бұзылуы қауіпті вирустың таралуына әкеледі. Дерттің алдын алудың бір ғана жолы бар, ол – вакцина салдыру.

Бұрын хабарланғандай, 1 қаңтардан 29 маусым аралығында мониторинг топтары 27800-ден астам нысанды тексерді, оның 2463-інде заң бұзушылықтар анықталды. 4581 хаттама толтырылып, оның ішінде заңды тұлғаларға 155 млн теңгеге 442 айыппұл салынды. Жеке тұлғаларға бетперде режимін бұзғаны үшін 181,5 млн теңгеге 4139 хаттама жазылды.

Айыппұл түріндегі әкімшілік жауапкершілікпен қатар, соттардың шешімі бойынша қызметті тоқтата тұру түрінде қатаң шаралар да қолданылуда. Ағымдағы жылы сотқа 75 материал жіберілді, оның 64-і бойынша шешім қабылданды.

Новости партнеров