BioNTech германиялық әріптестерімен коронавирус вакцинасын дайындаған Pfizer америкалық компаниясы жүкті әйелдер арасында препараттың қауіпсіздігі мен тиімділігін анықтау үшін клиникалық сынақты бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл туралы Reuters агенттігі жазды.
Клиникалық сынаққа 18 жастан жоғары төрт мыңға жуық жүкті әйел қатысып жатыр. Олардың жүктілік кезеңі 24 пен 34 апта аралығында. Зерттеу мақсаты – 21 күн аралықпен енгізілетін вакцинаның немесе плацебоның екі дозасының қауіпсіздігін, төзімділігін және иммуногенділігін бақылау.
Ғалымдар балаға вакцинаның қауіпсіздігін бағалау үшін тәжірибеге қатысушылардың жүктілігі мен босануын 7-10 ай бойы бақылайды. Нәрестелер шамамен алты айға дейін бақылауда болады.
«Біз бұл зерттеуді бастауға және жүкті әйелдерге арналған вакцинаның қауіпсіздігі мен тиімділігі және оны осы маңызды топтың одан әрі қолдануы туралы дәлелдер жинауға қуаныштымыз», – деді Pfizer клиникалық зерттеулер жөніндегі вице-президенті Уильям Грабер.
Оның айтуынша, жүкті әйелдер коронавирус жұқтырған жағдайда аурудың асқынуы мен ауыр ағымының қаупіне көбірек ұшырайды.