Жамбылдық азамат коронавирусты Қырғыз елінен жұқтырып келген. Бұл туралы Жамбыл облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жамбыл облысында коронавирус індетін жұқтырған бір азамат анықталып отыр. Ол – Жамбыл облысы Шу ауданының тұрғыны. Ол Қырғызстан Республикасынан облысымызға келген. 24 наурыз күні облыстық карантиндік стационарға жатқызылып, бекітілген алгоритмге сәйкес сынама алынды. Сынама қорытындысы бойынша оң нәтиже көрсетілді. Дегенмен, сараптамаларын нақтылай түсу үшін Алматы қаласындағы вирусологиялық зертханаға қосымша жіберілді», - деді басқарма басшысы.
Марат Жұманқұловтың айтуынша, індет жұқтырған пациентпен тығыз қарым-қатынаста болған адамдар түгел анықталды. Олардың барлығы медициналық бақылауда, 13 адам стационарлық карантинге жатқызылды.
«Пациенттің тұрғылықты жеріне залалсыздандыру жұмысы жүргізілді. Белгіленген алгоритм бойынша шаралар жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда науқастың жағдайы бірқалыпты. Денсаулығына ешқандай шағым жоқ. Дене қызуы көтерілмеді. Науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Мамандарымыздың бақылауында, бекітілген емдеу хаттамасына сәйкес ем алуда»,- деді ол.