Үкіметтің кеңейтілген отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой елдегі коронавирусқа қатысты жағдайды баяндады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
«Қазақстанда пандемия басталғаннан бері науқастардың 87%-ы сауығып кетті. Министрлік матрицаға сәйкес күнделікті мониторинг жүргізеді. Ақмола, Павлодар, Қостанай облыстарында жағдайды тиісті бақылау болмай отыр. Осыған байланысты іс-шаралардың орындалуын бақылауды қамтамасыз ету қажет. Желтоқсан айында қарашамен салыстырғанда, індет жұқтырғандардың көбейгені байқалды. Қаңтарда аурудың өсуі Шығыс Қазақстаннан басқа барлық облыста байқалып отыр», – деді ол.
Қазақстанда қоймада екі айға жеткілікті маска бар екен (10 миллион маска). Оның айтуынша, CVI ауруының жоғарылауын ескере отырып, халықтың медициналық көмекке қол жетімділігін қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды.
«Вакцинация 1 ақпанда басталады деп жоспарланып отыр. Жыл соңына дейін 6 миллион қазақстандық вакцинациядан өтеді. Жүйелі есепке алу мақсатында вакцинацияның электрондық паспорты жасалды, ақпаратты қолмен енгізуге болады. Жүзеге асырылып жатқан шараларды сақтай отырып, 2021 жылдың соңына дейін эпидемиологиялық жағдайдың дамуы туралы болжам жасалды. Наурыз айының соңында індет өршуі мүмкін. Позитивтік сценарий бойынша наурыз айының соңында тәулігіне 3 мың науқас тіркелуі мүмкін. Пессимистік сценарий бойынша тәулігіне 9 мың адам тіркелуі мүмкін. Шамадан тыс жүктемені болдырмау үшін қатаң карантин енгізілуі мүмкін», – деді Цой.