Еліміздегі барлық мешіттерде көпшілікпен бірігіп намаз оқу тоқтатылды. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өз үндеуінде мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сондай-ақ, жұма намаз да уақытша мешіттерде оқылмайды. Алайда, Алла үйі жабылады деген сөз емес. Күніне бес уақыт азан шақырыла береді.
Тек, жамағатпен намаз оқылмайды. Бас мүфтидің айтуынша, мешіттерде ас берілу де тоқтатылды. Ал, жаназа намазын аз адамдармен ғана оқуға рұқсат. Айта кетейік, бұған дейін бас мүфти намаздан кейін адамдардың бір-бірімен қол алысып амандасуына және кішкентай балаларды мешітке әкелуді уақытша шектеген болатын.
«Біз «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген аталы сөздің қадірін біліп, жақсылыққа ұмтылған ұлтпыз. Сындарлы сәтте бір-бірімізге жақсы сөз айтып, көмекке мұқтаж отбасыларға қайырымдылық жасап, мол сауап алуға асығайық! Тазалық пен имандылық – егіз ұғым. Ең бастысы – жұқпалы індеттің алдын алу үшін тазалық шараларына аса мән беруіміз керек», – ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ.