Қазақстан ғалымдары 1 жылда 2,7 млрд теңге бюджет қаражатын үнемдеді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Соңғы жылдары Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты аса қауіпті инфекциялар бойынша 7 отандық вакцина дайындау технологиясын жасап енгізді. Оның ішінде ауыл шаруашылығы үшін құс тұмауына қарсы вакцинаны әлем елдерімен қатар, алғашқылардың бірі болып жасағанбыз. Сол жылдары институт Ауыл шаруашылығы министрлігіне 7 млн доза вакцина жеткізді. Осы вакцинаның арқасында құстар аурудан сақталған болатын. Денсаулық сақтау саласы үшін жоғары патогенді құс тұмауына қарсы және жоғары патогенді шошқа тұмауына қарсы вакциналарды дайындады. Қазақстан вакциналары ДДСҰ зертханасында клиникалық сынақтан өткен әлемнің 6-шы және 7-ші мемлекеті болды», – деді ол.
Министрдің айтуынша, институт 2018 жылы ауыл шаруашылығы үшін нодулярлық дерматитке қарсы вакцина әзірледі және 2019 жылы 930 млн теңге сомасына Ауыл шаруашылығы министрлігіне нодулярлық дерматитке қарсы отандық вакцинаны жеткізуді қамтамасыз етті.
«Есеп комитетінің ақпараты бойынша, республикалық бюджетте тек бір жылдың ішінде 2,7 млрд теңге үнемделді. Елімізде дайындалған вакциналар мен тест-жүйелерінің, біріншіден, сапасы жақсы, екіншіден – шет елдегі өніммен салыстырғанда бағасы бірнеше есе төмен. 2019 жылы бруцеллезбен күресу үшін жаңа векторлық вакцина әзірленді. Ол қауіпсіздік және иммунобиологиялық қасиеттері жағынан осы ауруға қарсы вакциналардан едәуір артық болып саналады», – деді Асхат Аймағамбетов.