ДСМ мәліметінше, бас мемлекеттік санитария дәрігері жаңа қаулыға қол қойған
COVID-19 пандемиясының аяқталуына байланысты шектеу шаралары туралы қаулылардың күші ресми түрде жойылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Денсаулық сақтау министрлігі сайтына сілтеме жасап.
ДСМ мәліметінше, бас мемлекеттік санитария дәрігері жаңа қаулыға қол қойған. Ол - "Қазақстан Республикасы Бас мемлекеттік санитария дәрігерінің кейбір қаулыларының күшін жою туралы".
"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының COVID-19 пандемиясының аяқталуы, Қазақстанда және әлемде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталуы туралы хабарлауына байланысты, білім беру ұйымдарында, сондай-ақ Ashyq жобасында халық арасында коронавирус инфекциясына қарсы күрес жөніндегі шектеу шараларын көздейтін Қазақстан Республикасы бас мемлекеттік санитария дәрігері қаулыларының күші жойылды", - делінген хабарламада.
Қаулының толық мәтінімен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті сайтында танысуға болады.
Бұл ретте, ДСМ COVID-19 коронавирус инфекциясы жойылмағанын хабарлады.
"Вирустың таралуы жалғасып жатыр, бірақ аурудың салыстырмалы түрде жеңіл ағымын ескере отырып, кейіннен халықтың сырқаттанушылығын бақылау басқа вирустық инфекциялармен қатар тұрақты негізде жүзеге асырылады", - делінген хабарламада.