Қазақстанда 184 оқушы коронавирус жұқтырған – ДСМ

14.10.2020 21:58

Жазда коронавируспен ауырғандар желтоқсанда қайтадан сырқаттануы мүмкін

Zakon.kz

Биыл жазда коронавируспен ауырғандар желтоқсанда қайтадан сырқаттануы мүмкін. Ол туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оның сөзінше, адам ағзасындағы антидененің жойылуына байланысты елімізде COVID-19-дан бұрын жазылып шыққандар қайта дертке шалдығуы ғажап емес. Сонымен қатар, ол ПТР тесттен өту ақысы арзандайтынын айтты. Мамандарды даярлау арқылы отандық зертханалардың қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін жеткізу көзделген. Бұдан бөлек, жеке қорғаныс құралдары мен тест-жүйесінің бағасы да төмендейді деп сендірді министр. Толығырақ Almaty.tv тілшісі  Асылбек Тойбек тарқатады.

Әлемде COVID-19 қайта күшейді. Соңғы аптада жұқтыру өсімі Германияда, Украинада,  Ресейде, Испанияда, Францияда, Чехияда, Италияда үдеген. Біздің елде жағдай тұрақты дегенмен, Шығыс Қазақстан облысы мен Нұр-Сұлтан қаласында жұқтырып жатқандар саны көбейген.

«Шығыс Қазақстанда тестілеуден өткізу қызу жүргізіліп жатыр. Екіншіден, аймақ ішінде миграция жоғары. Шекараға жақындығы бар. Сол себепті осындай көрсеткіш. Ал, Нұр-Сұлтан қаласы қазір қызыл аумаққа кірді. Өйткені коронавирустың репродуктивтілігі 1,26-ны құрады. Бұл дабыл қағатын фактор болып есептеледі. Қала аумағында шектеу шараларын күшейту шешімі шығарылды. Біз бұны қолдаймыз», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Қазақстанда көршілес елдерден келетін адамдарды бақылау да күшейтілді. 6 қазаннан бастап ҚР Мемлекеттік шекарасын автомобильдік өткізу пункттері арқылы 33 600 еліміздің азаматы мен шетелдік жолаушы кесіп өткен. Оның ішінде 3 322 адам карантиндік стационарларға орналастырылыпты. 60-ынан індет анықталған. Ал, халықаралық әуе рейстермен 14 832 жолаушы келсе, оның 3 мыңнан астамына тестілеу жүргізілген. Нәтижесінде 10 адамның ауру жұқтырғаны дәлелденген.

«Еуропа, ТМД елдерінде сырқаттанушылықтың жоғарлауын ескере отырып, әуе қатынасы қайта ашылған елдерден, сонымен қатар, ЕАЭО елдерімен, Өзбекстан Республикасымен авто өту жолдары арқылы келетін адамдарды санитариялық-карантиндік бақылауды күшейту жөнінде шаралар қабылданып отыр. Бірқатар елдермен рейстер шектеледі. Бұл Украина, Германия, Белорусия мен Біріккен Араб әмірліктеріне рестуер қысқарады.  Сонымен қатар бұған дейін Түркиямен арадағы рейстерді қысқарту туралы жариялаған едік», – деді ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов.

Ал, оқушылар арасында КВИ жұқтырудың 184 жағдайы тіркелген. Оның ішінде кезекші сыныпта оқитын 73 балада індет анықталыпты.

«Оқу жылы басталғалы оқушылар арасында КВИ жұқтырудың 184 жағдайы тіркелді. Оның ішінде кезекші сыныпта оқитын 73 балада анықталды. Сәйкесінше, байланыста болған 1 012 адам белгілі болды, олардың арасында он адамда індет анықталды. Қашықтан оқып жүрген балалар арасында індет жұқтырудың 111 оқиғасы тіркелді. Олар бойынша қарым-қатынаста болған 317 адам анықталып, КВИ-дің 19 фактісі белгілі болды», – деді ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы қазақстандық вакцинаны клиникалық зерттеулерден өткізуге келісім берген. 17 қарашада II кезеңнің клиникалық зерттеулері және 2021 жылдың 24 сәуірінде III кезең аяқталады, деді Алексей Цой. Сонымен қатар, COVID-19 вирусына қарсы вакцина жалпы қазақстандықтардың 15 пайызына салынатыны белгілі болды. Бұл топқа – 60 жастан асқан созылмалы ауруы бар адамдар, медицина қызметкерлері және мұғалімдер енеді. Ал, ПТР-тесттің бағасы қазіргі кезде болжамды түрде 11 мың теңгеден 8 900-ге дейін төмендеуі мүмкін.

Асылбек Тойбек

ГРАФИКА 1-2:

КӨЛІК ӨТКІЗУ ПУНКТТЕРІ:

33 600 жолаушы

3 322 адам карантиндік стационарларға орналастырылды

60 адамнан коронавирус анықталды

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘУЕ РЕЙСТЕРІ:

14 832 жолаушы

3 051-і тестілеу

10 адамнан коронавирус анықталды