Алматыда эпидемиологиялық ахуалдың күрт нашарлауына байланысты бүгін қала «қызыл» аймаққа өтті. Сондықтан мегаполисте карантин шаралары күшейтіледі. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитария дәрігері міндетін атқарушы Сәдуақас Байғабылов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді қаулыға сәйкес шаһарда карантин талаптары 5 күн ішінде немесе одан ерте уақытта қатаңдатылады. Жоспарлы шараны енгізетін күн туралы қосымша хабарланады.
Жалпы, елде де коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп отыр. Өткен тәулікте вирусқа шалдыққандар 2216 болса, бүгінде бұл көрсеткіш 2 есеге артып, сырқаттанғандар саны 4810-ға жеткен. Оның 3312-сі Нұр-Сұлтанда тіркеліп отыр. Ал Алматы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаевтың мәлімдеуінше, мегаполисте 210 адам індет жұқтырған.
«Қалада коронавирустың дендеп кетуіне байланысты ауруханалар мен стационарларда төсек орын санын тағы 300-ге көбейту туралы шешім қабылдадық. Қазір жансақтау бөлімінде 20-ға жуық науқас бар. Емханаларда 124 мобильді бригадалар шақыртуларға барып, халыққа шұғыл көмек көрсетуде. Резервте 186 бригада бар», – деді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.
Еске сала кетек, 10 қаңтардан бастап Алматыда барлық вакциналау пункті қайта жұмысына кірісті. Бүгінде алматылықтардың 82 пайызы екпенің бірінші компонентін салғызды. Pfizer вакцинасымен 31 мың 632 тұрғын иммундалды. Одан бөлек, қазір қалада дәрі-дәрмек қоры да жеткілікті деді қоғамдық денсаулық басқармасы. Мегаполистегі емханалар мен ауруханаларда медициналық препарттар 3 айға дейін жетеді.