Қазақстан коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатыр

m.azh.kz
m.azh.kz
Қазір Еуропа аймағында, Италия, Испания, Германия, Түркия және Оңтүстік Кореяда ауру саны күрт өсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан коронавирус инфекциясының болуы ықтимал екінші толқынына дайындалып жатыр. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазір Қазақстанда коронавирус инфекциясы жағдайы қалыпты. Ауру жұқтыру мен өлім-жітім санының негізгі көрсеткіштері төмендеп жатқанын байқауға болады. Осыған қарамастан, біз көршілерімізді, әлем елдерін бақылап отырмыз. Қазір Еуропа аймағында, Италия, Испания, Германия, Түркия және Оңтүстік Кореяда ауру саны күрт өсті. Бұл ретте ТМД елдеріндегі ауру көлемі 0,5 пайызды көрсетті, бұл Қазақстандағы көрсеткіштен 5 есеге көп. Бұл мәселе алаңдатпай қоймайды. Қазақстан да өзге елдер секілді коронавирус инфекциясының болуы ықтимал екінші толқынына дайындалып жатыр», – деді министр Орталық коммуникациялар қызметіндегі онлайн брифингте.

Министр республика бойынша 71 126 төсек-орын дайындау жоспарланғанын, қазіргі уақытта – 10 257 төсек-орын бар екенін жеткізді.

«Төсек-орын қорының 15% науқастар жатыр, олар коронавирус немесе коронавирус пневмониясымен ауырып жатыр. Оның үстіне 13 модульді жұқпалы ауру ауруханаларын салуды жоспарладық. Екі ірі клиникада қайта өңдеу жұмыстары жүруде. Емханалар деңгейіндегі 3640 көшпелі бригада ұйымдастырылды. 5098 өкпені жасанды желдету аппараты жеткізілді. 21 566 төсек-орын оттегімен қамтамасыз етілді», – деп түсіндірді А. Цой.

Бұған дейін министр мектеп оқушыларын бірінші тоқсанда қашықтан оқытуды ұсынған еді.

«Бірінші карантинде мектепке дейінгі ұйымдарда кезекші топтар ашуымыз сәтсіз тәжірибе болды, онда коронавирус инфекциясы тіркеліп, жабылып жатты. Яғни, біз үшін еліміздегі қазіргі аурудың төмендеу қарқынын ұстап тұру маңызды. Балалар арасында ауруды таратып алмау керек. Қашықтан оқыту шарасы уақытша екенін тағы да айта кетейін»,– деді Алексей Цой.

Новости партнеров