|
28.02.2020 | 13:36
1839

Коронавирусқа байланысты 3000 турист Қазақстанға келуден бас тартқан

Елдегі турагенттіктер 17 мыңға жуық тұтынушыны жоғалтуы мүмкін

Коронавирусқа байланысты 3000 турист Қазақстанға келуден бас тартқан astana.zagranitsa.com

Әлемді алаңдатқан коронавирус 46 елге тарап үлгерді. Дертті жұқтырып жатқандар көбейіп, құрбан болғандардың саны артып келеді. Осыған орай, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

 «Коронавирустың бүкіл әлемге таралуы аса қауіпті. Соған сәйкес Үкіметке азаматтардың денсаулығын қорғау мақсатында мемлекеттік мекемелер мен шаруашылық нысандардың қызметіне нұқсан келмейтіндей жан-жақты шаралар қабылдау тапсырылды».

Дүйім елді дүрліктірген короновирус жаһанның 46 еліне жетті. 81 мыңнан астам адамға диагноз қойылды. Атап айтар болсақ, дерек бойынша соңғы бір күнде Кореяда 1766 адам, оның ішінде Оңтүстік Кореяда 505, Италия елінде 185, Иранда- 139, Жапонияда 35, Францияда 20, Германияда 18 адам шалдыққан. Сонымен қатар, Малайзия, Въетнам, Сингапур, Тайланд секілді мемлекеттердің азаматтарынан да ауру анықталуда. Ал дерттің ошағы - Қытайда 78 824 науқас тіркелген.

Корея - 1766

Оңтүстік Корея - 505

Италия - 185

Иран- 139

Жапония - 35

Франция - 20

Германия - 18

ҚЫТАЙ - 78 824

Қытайда  коронавирустан 2788 адам көз жұмған. 8 мыңға жуық тұрғыны ауыр халде. Дегенмен Қытай Халық Республикасының мемлекеттік денсаулық сақтау бойынша комитеті 36 мың адам емделіп шықты деген ақпарат таратты. Ал біздің елдің бас дәрігері Елжан Біртанов сақтықта қорлық жоқ дейді.

«Неге Қазақстанда жоқ?» деген сұрақ орынсыз. Әлемнің 120 елінде коронавирус тараған жоқ. Мысалы, Ресейде, Өзбекстанда, Моңғолияда тіркелмеді. Бірақ өзімізді жұбатып отыруға болмайды, барынша сақтануымыз қажет. Өйткені дерттің жайлау қаупі жоғары», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ

Қазақстан Қытайда індет тарады деген күннен сақтық шараларын қолға алғаны рас. Қауіпті аймақтағы азаматтарымызды жеткізіп алдық. Шекара мен әуежай, вокзал секілді жолаушылар келетін орындардағы қауіпсіздікті күшейттік.  Ұлттық қордан 2 млрд. теңге бөлініп, қажетті дәрі-дәрмек, бетперде, құрал-жабдықтармен қаруландық.

Дегенмен ауру айтып келмейді. Сақтансаң – сақтайды. Сондықтан дәрігерлердің кеңесі қолыңызды жиі сабындап жуып тұрыңыз. Жабайы жануарларға жоламаңыз. Жұмыртқа, ет секілді тағамдарды жақсылап пісіріп, қуырып жеңіз. Ауруға шалдыққан адамдардан алшақ жүріңіз. Тұмау мен жөтел кезінде бетперде киіңіз. Дегенмен жауапты министрлік өкілдері себепсіз бетперде кимеу керектігін де ескертеді.

«Егер сіз ауырмасаңыз, маска тақпағаныңыз дұрыс. Ол тек науқас адамдар тағуы тиіс. Сонымен қатар, адам көп жиналатын жерлерде қажеттілік болмаса, бармағаныңыз дұрыс. Яғни, көп адам жиналатын сауық-ойын орталықтарына аса қажеттілік болмаса, бас тартқаныңыз дұрыс», – деді  ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас АХМЕТШӘРІП

Коронавирус – қатерлі дерт қана емес, көптеген салалардың дағдарысқа ұшырауына апарып соғатын «экономикалық індет» сипатына да ие болуда. Өйткені вирустың салдарынан бизнес, туризм секілді салалар зардап шегуде. Мәселен, 3000 шетелдік турист Қазақстанға келуден бас тартқан. Ал Сауд Арабиясы 7 елге электронды туристік виза беруді тоқтатты. Оның ішінде Қазақстан да бар.  Отандық туроператорларымыз да кеселдің кесірінен клиенттеріміздің саны күрт төмендеп кетті деп отыр. Ал экономистер Қытай экномикасының құлдырауы өзге де мемлекеттерге ықпалын тигізеді дейді.

«Бұл кесел дүниежүзіне тарап отыр. Сондықтан дүниежүзінің экономикасына да, Қытайдың экономикасына да, өкінішке қарай, Қазақстанның экономикасына да әсер етеді. Неге? Себебі Қытай өзінің шекарасын жапқаннан кейін, ең бірінші туризм, әуе қатынастары және өндірістерінің көбі жабылды. Ал Қытайдың экономикасына бүгінгі күні 11 трлн., яки дүниежүзінің экономикасының 15 пайызын береді... Қазақстан үкіметі экономистерге, денсаулық саласына қолдан келген әрекеттерді жасап жатыр», – деді экономист Сапарбай ЖҰБАЕВ.  

Бұдан бөлек дендеген дерттің салдарынан Токиода өтетін жазғы Олимпиада ойындары мен Еуропаның 11 елінде ұйымдастырылатын футболдан Еуропа чемпионаты мүлде өтпей қалуы мүмкін. Егер мамыр айына дейін аурудың қаупі сейілмесе, әлемдік деңгейдегі жарыстар кейінге шегеріледі деген болжам бар.

Асылбек Тойбек

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир