Елімізде Наурыз мейрамы мен Жеңіс күні бұрынғыдай тойланбайтын болды

Елімізде Наурыз мейрамы мен Жеңіс күні бұрынғыдай тойланбайтын болды
Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тіпті Ұлы жеңіс күніне арналған әскери шеру де жоспардан алынды. Мұндай тапсырманы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев беріп отыр. Коронавирус пандемиясына қарсы күрес аясында Nur Otan партиясы құрылтайының өтуі де екіталай. Бұл туралы бүгін орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv  тілшісі.

Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, тіпті, коронавирусқа байланысты  қазақстандықтарды тойлардағы қонақ тізімін қысқартуды, не болмаса салтанатты кейінге қалдыруды сұрады.      

Қазақстандық оқушылар биыл көктемгі демалысқа сәл ертерек шығады. Мұндай шешім дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының коронавирусты пандемия деп жариялағанынан кейін қабылданды. Осылайша оқушылар демалысқа бұрынғыдай 21-наурыздан емес, 16-ынан шығып 5 сәуірге дейін демалмақ. Ал коронавирус тіркелген жағдайда дәріс беру қашықтықтан оқыту форматына көшеді. Алайда бұған еліміздегі білім ошақтары сақадай сай деуге келмейді. Мәселен, 68 мектепте әлі күнге дейін интернет жоқ. Бұл мәселе бойынша тиісті жұмыс жүргізліп жатыр. Бірақ колледждер мен жоғарғы оқу орындарында дистанциондық оқуға толық мүмкіндік бар. Сондықтан студенттер, коронавирустың тіркелуін күтпей 16-наурыздан бастап онлайн оқуға көшеді.  

«Колледждер мен ЖОО-лар онлайн оқуға көшеді. Көптеген оқу орнының қашықтықта оқу бойынша тәірибесі бар. Сондықтан ол жағынан мәселе туындамайды. Classroom, Google секілді платформалар бар», - деді ҚР Білім және ғылым министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВ.

Асхат Аймағамбетов еліміздегі балабақшалар әдеттегі режимде жұмыс істейтінін де айта кетті. Баспасөз мәслихатында, сондай-ақ 13-наурыздан бастап қоғамдық, бұқаралық іс-шаралар өткізуге тыйым салынғаны мәлім болды. Мәселен, Ұлыстың ұлы күні – Наурызда бұқаралық думан өткізілмейді.

«Наурыз – ең маңызды біздің ежелден келе жатқан халқымыздың салты мен дәстүріне енген үлкен мейрам. Бірақ адам өмірінің қауіпсіздігі – одан да маңызды мәселе. Сондықтан адамдарға бастарыңды қоспа деп айту қиын. Бірақ бұрыннан да қазақ бір-біріне көршілеріне, ауылдарына барып амандасып жүрген ғой. Сондықтан сен осы наурызға байланысты үлкен тойлардың бәрін, қазір адам жиналатын жердің бәріне тыйым салынады. Бірақ азаматтардың бір-біріне барып, көрісуіне, құттықтауына мұндайды ешкім қадағалай алмайды. Оған ешқандай шектеу қойылмайды. Сондықтан әрбір азамат өзін ғана ойламау керек. Әрбір азамат отбасын айналасындағы ағайындарын ойлауы керек», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ.

Нұр-Сұлтанда Жеңіс күніне арналған әскери шеру де өтпейтін болды. Коронавирусқа байланысты наурыздың 18 жұлдызына жоспарланған Nur Otan партиясы құрылтайының да өту-өтпеуі  екіталай. Оған қатысты шешім әзірге қабылданбады. Ал еліміздегі спорттық матчтер болса көрерменсіз өтеді.

«Ойындар жоспар бойынша өтеді, бірақ көрерменнің баруына тыйым салынады. Бұл халықаралық тәжірибе. Барлық еуропалық елде ірі командалар ойнап жатыр, бірақ көрермендер жоқ. Бізде де осындай шешім қабылданды», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы ТОҒЖАНОВ.

Сауда орталықтары бұрыңғы режимде жұмыс істегенімен, ондағы  кинотеатрлар жабылады. Бұдан бөлек, денсаулық сақтау, білім беру орындары, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен сауда орындарында, базарларда, вокзалдар мен әуежайларда, қонақүйлерде санитарлық шаралар күшейтілмек. Ал қоғамдық көліктер әр рейс сайын тазартылады.

«Әдетте қоғамдық көліктер ауысымның басында және аяғында тазаланса, енді біз оны әр рейс сайын тазалау туралы талап қойып отырмыз», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Денсаулық сақтау министрі елімізде коронавирус инфекциясы тіркелген жоқ дейді. Ал вирус жұқтыруы мүмкін деген әр адамға 2-3 тест жүргіземіз дегенді алға тартты. Анықталғаны, қазір Қазақстанның барлық өңірінде арнайы санитарлық-эпидемиологиялық зертханалар жұмыс істеп жатыр. Ресей Федерациясы, Қытай халықтық республикасы, дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жіберген және қазақстандық тест бар. Жалпы қолда болған 15 мың тесттің 5 мыңы пайдаланылған.

«Елімізде коронавирус анықталған жағдайда қандай әрекет ететініміз осы "Б" жоспарына енген. Жоспар бойынша, еліміздегі инфекциялық ауруханалардағы төсек саны екі есе көбейтілген. Қосымша 14 мың карантиндік төсек-орындар дайындалды. Осындай дертке шалдыққандарға көмек көрсету бойынша кадр мәселелері қаралуда», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.

Баспасөз мәслихатында ведомство басшылары дүрбелең туғызбай, тек ресми дереккөздердің мәліметіне сенуге шақырды. Денсаулық сақтаудың алдын алу шараларын ұстанып, мүмкіндігінше той-томалақты кейінге қалдыру керектігіне де баса назар аударды.

Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан

Новости партнеров