Бұл туралы қаладағы ірі сауда-саттық желісінің өкілдері мәлімдеді. Бұған дейін әлеуметтік желілерде дүкендерге азық-түліктің жеткізілмей жатқаны туралы пост әлеуметтік желіде желдей ескен еді. Almaty.tv тілшісі аталған ірі сауда нүктесіне барып жағдайды өз көздерімен көріп қайтты.
«Мен күнде осында келемін, азық-түлік табылады қашанда, бәрі жаңадан әкелінген», – деді бір тұрғын.
«Бұл жерге жиі келемін, сүйікті дүкенім десем де болады», – деді келесі бірі.
Дүкеннің тұрақты тұтынушылары ешқандай азық-түлік жетіспеушілігі болмағанын айтады. Бұл арандатушылардың немесе өзге мақсатты көздегендердің істеп отырған әрекеті дейді. Ал, мынау сол елді елең еткізген дүкен сөресі. Өздеріңіз көріп тұрғандай, ет өнімдері толып тұр. Дүкен өкілдерінің айтуынша, әлеуметтік желіге әлдебіреудің видео түсіріп, жүктеген күні санитарлық жұмыстары жүргізілген екен.
«Сол күні дүкен сөресін түсірген адамның білместігінен болып отыр. Біз сол күні дезинфекциялық тазалау жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай толып тұр. Сол жалған ақпарат айналдырған 20 минуттың ішінде елді дүрліктіріп жіберді. Біздің бұдан да өзге кез-келген дүкенімізге кіріп өздеріңіз көз жеткізсеңіздер болады», – деді ірі бөлшек - саудасы желісінің қоғаммен байланыс бөлімінің менеджері Дмитрий ШИШКИН.
Ал, Нұр-Сұлтан қаласындағы сауда нүктесін Мадина Ерланқызы есімді желі қолданушысы интернетке жүктеген. Автордың сөзінше, ақпарат тараған соң дүкен өкілдері хабарласып, тоңазытқыштың бұзылып қалуы себепті сөрелерді босатқанын айтқан. Ірі сауда-саттық желісінің басшысы Азамат Оспанов соңғы кезде сауда әдеттегідей жүріп жатқанын айтады.
«Жеткізушілермен кеңес өткіздік. Бәрі белгілі. Біздің тауарлардың жартысы отандық өндірушілердің өнімдері. Бір, бір жарым айдың ішінде ешқандай өзгерістер болмауы тиіс. Өз атымыздан ешқандай паника етпеуге, шақырамыз және сұраймыз», – деді ірі бөлшек - саудасы желісінің басқарма төрағасы Азамат ОСПАНОВ.
Ескертетін жайт аталған супермаркеттер желісі короновирусқа байланысты жиі санитарлық жұмыстар жүргізіп отыратын болады. Сондықтан қала тұрғындарын еш алаңдамауға шақырады. Кіре берістерде тұтынушылар үшін арнайы вирусқа қарсы тазалық құрылғылары орнатылған.
Қуан Нұрақын, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы