"Біз сіз үшін жұмыста қалдық, сіз біз үшін үйде болыңыз". Осындай тіркеспен дәрігерлер арасында челлендж басталды деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін 2-күнге жалғасқан челленджге қатысушылар белсенді атсалысуда. Қауіпті індетпен күресу жолындағы дәрігерлердің жасап жатқан ерен еңбегі өте бағалы. Олардың айтуынша, пандемия пайда болғалы өмірлерінде көп нәрсе өзгерген. Жұмыстары әдеттегіден екі еселеніп тәулік бойы қызмет етеді. Ыстыққа және қолайсыздыққа қарамастан бірнеше сағат бойы қорғаныс костюмі мен арнайы көзілдірік киіп жүруге де мәжбүр. Дәл осындай, қызметтеріне адал ақ халатты абзал жандардың біреуі де осыған дейін шағым келтірмей, күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
«Өз жауапкершілігін толық түсіну дәрігерлер үшін маңызды. Үкімет карантин енгізді, қаланы жауып жатыр, оның бәрін толық орындаса, дәрігерлердің жағдайын түсінушілікпен қараса, осы шараларды толық орындаса, дәрігерлер үшін де жеңіл болар еді. Өздері де көп нәрседен сақтанады деді», – қалалық Балалар жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Айнұр УАЛИЕВА.
Айта кетейік, күні кеше ғана Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дәрігерлерге жалақыдан бөлек сыйақы тағайындалатынын айтқан. Ол: «Коронавирусты анықтау, науқастарды емдеу және вирустың одан әрі таралмауы үшін аянбай еңбек етіп жатқан дәрігерлерге алғыс айтамын. Үкімет осындай қызметкерлерге сыйақы беру шараларын қабылдайды» деген болатын әлеуметтік желідегі парақшасында.