Қала әкімі Б.Сағынтаевтың төрағалығымен ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Цойдың қатысуымен өткен алқалы жиында мегаполистің COVID-19-ға қарсы іс-қимылдың жүйелі мәселелері, сондай-ақ биыл 17 наурызда өткен кеңес барысында Мемлекет басшысының берген тапсырмаларының орындалу барысы қарастырылды. Бұл бойынша нақты жоспарлар қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Кеңесті ашқан Бақытжан Сағынтаев КВИ пандемиясымен күрес аясында қаланың денсаулық сақтау жүйесін күшейту бойынша шаралар қабылданғанын атап өтті. Жаңғыртудың үш жылдық жоспарына сәйкес медициналық жабдықтарды жаңарту, инфекциялық стационарларға медициналық газ орнату, сарқынды суды зарарсыздандыру мен медициналық қалдықтарды кәдеге жарату сынды кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, шаһар басшысы өткен жылы КВИ бар науқастарды анықтау және оларды ауруханаға жатқызу бойынша алгоритмнің әзірленіп, енгізілгенін, АМСК және амбулаториялық емдеуде асимптоматикалық науқастарды бақылау бойынша телемедицина орталығының жұмысы құрылғанын атап өтті. Инфекциялық төсек-орындардың қажетті резерві құрылды. Дәріхана желісі мен ковидтік госпитальдар үшін дәрілік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді.
Б. Сағынтаевтың айтуынша, қабылданып жатқан шаралар жағдайды басқаруға, қаланың денсаулық сақтау жүйесіне түсетін жүктеменің шамадан тыс болуына жол бермеуге және стационарларға жүктемені эшелондау қағидаты бойынша бөлуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді орындау мақсатында МСАК жұмысын күшейту, ана мен баланы қорғау, онкологиялық аурулар мен қан айналымы жүйесі аурулары кесірінен болатын өлім-жітімді азайту бойынша шаралар қабылдануда. Сонымен қатар, қала әкімі Б. Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру және медицина қызметкерлерінің кадр тапшылығын шешу бойынша Жол картасы әзірленді.
Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров резервтік төсек-орындарды ковидтерге жоспарлы түрде ауыстыру алгоритмі құрылғанын айтты. Қуаттылығы 7011 төсекті құрайтын 28 ковидтік клиника және 250 реанимациялық клиника дайындалды. Бүгінде 5000 инфекциялық және 220 реанимациялық төсек-орын жұмыс істеуде. РВ-90 қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының филиалы пайдалануға берілді. Жалпы қуаты 1080 орынды екі жаңа модульдік клиника салынды. Мұндай төсек-орын қоры тәулігіне 500-ге дейін науқасты ауруханаға жатқызуды көздейді. Қаланың барлық медициналық ұйымдарында үй-жайларды аймақтарға бөлу жүргізілді. Бұл ауруханаішілік инфекцияны болдырмайды.
Пандемиямен күрестің маңызды құрамдас бөлігі шұғыл көмекті қажет етпейтін қала тұрғындарына қашықтан кеңес беру арқылы көмек көрсету үшін құрылған телемедицина орталығының жұмысын айтуға болады. Бүгінде симптомсыз және жеңіл КВИ ағымы бар 2,5 мыңға жуық адам операторларға тәулік бойы кеңес берумен және медициналық қолдаумен қамтылған. Пациенттерді амбулаториялық бақылау бойынша қалалық емханалардың мобильді бригадаларының жұмысы жолға қойылды. Қала бойынша 768 топ жұмылдырылды. Кадрлық резерв қалыптасты. Жұқпалы аурулар стационарларында 2000-ға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Резервте – 2758 медицина қызметкері бар.
Алматыда клиникаларды медициналық оттегімен қамтамасыз етудің жалпықалалық бағдарламасы қабылданды. Мақсаты – қаланың 16 емханасын оттегімен 100% жабдықтау. 2020 жылы 6 клиника оттегімен толық жабдықталса, биыл тағы 10 клиникада оттегі стансалары болады.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыда денсаулық сақтау қызметін дамыту және COVID-19-ға қарсы күрес моделі еліміздің басқа өңірлеріне таралатынын атап өтті. Мысалы, медициналық көмек көрсету стандарттарын сақтай отырып, төсектердің айналымын және босатылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін стационарларды эшелондау; аурудың жеңіл ағымы бар асимптоматикалық және науқастарды бақылауға мүмкіндік беретін телемедицина орталығының жұмысы. Мұндай орталық басқа өңірлерде жоқ.
Сонымен қатар, министр соңғы жылы жедел жәрдем автопаркін 70%-ға жаңарту, сондай-ақ соңғы 20 жылда Алматының медициналық мекемелерінде болмаған оттегі стансаларын қосу жөніндегі жұмыстың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, А. Цой сәуір айында КВИ-ға қарсы вакцина дозаларының жаңа партиясы жеткізілетінін хабарлады.
Сондай-ақ, жиында Денсаулық сақтау вице-министрі А. Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы А.Есмағамбетова, Қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері, Алматы қаласы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Ж. Бекшин, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Н. Табынбаев, телемедицина орталығының басшысы Л. Мырзағали, Алматы қаласы ЖМЖС директорының м. а. П. Надыров сөз сөйледі.
Жиын қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрі А. Цой COVID-19-ға қарсы күрес жөніндегі жұмысты одан әрі жалғастыру мәселелері бойынша бірқатар тапсырмалар берді.