Елімізде төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды

Tengrinews.kz/Турар Казангапов
Tengrinews.kz/Турар Казангапов
Бүгін бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті мәлімдемесінде айтт
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін ұзартылды. Бүгін бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезекті мәлімдемесінде айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Президент төтенше жағдай кезінде атқарылған және әлі де жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, елдегі әрбір азамат назардан тыс қалмайды деді. Оның сөзінше, бүгінде 4 млн. 250 мың адамға 42 500 теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетілген. 570 мыңнан аса көмекке мұқтаж азамат азық-түлікпен қамтылса, тағы бір миллионнан астам адамға азық-түлік себеттерін жеткізу жоспарланып отыр. Жалпы Мемлекет басшысы елде азық-түлік тапшылығының жоқ екенін тағы да баса айтты. Ол үшін ұдайы мониторинг жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ,  ол Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан қаржы бөлінгендігін және «Нұр Отан» партиясының белсенді жұмыс жасап жатқандығын атап өтті. Бұдан бөлек, 1,6 миллион адамға коммуналдық төлем жасауға көмек көрсетілмек. Мәлімдеме соңында Президент күрделі кезеңді ортақтаса еңсереміз деді.

«Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым. Бұл –  біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы. Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады. Елімізді пандемияның шеңгелінен құтқару – бәрімізге ортақ міндет. Мен үшін әр азаматтың өмірінен қымбат ештеңе жоқ», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Сондай-ақ мәлімдемеде шағын және орта бизнеске қолдау көрсету үшін 700 мыңнан астам компания мен кәсіпкерге салықтық жеңілдіктер жасалғаны айтылған. Бизнесті қолдау әрі қарай да жалғаспақ. Президент қиындыққа қарамастан еңбек етіп жатқан дихандарға ризашылығын білдіріп, көктемгі егіс науқанындағы мәселелердің шешілгенін жеткізді. 200 млрд теңге осы науқанға бөлінсе, соның 70 млрд теңгесі тұқым өндірісін дамытуға, тыңайтқыштар сатып алуға жұмсалмақ. Жалпы азаматтар мен кәсіпкерлікке қолдау көрсетуге 6 триллион теңге бөлініпті. Мемлекет басшысы, 1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан мен Алматы арасындағы әуе рейстер ашылатынын да айтты. Осылайша елде карантин режимі біртіндеп жеңілдетіле бастайды. Бірінші кезекте өнеркәсіп орындары, құрылыс, жол құрылысы компаниялары, банктер және халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысқа кірісуі тиіс. Бірақ тазалық шаралары қатаң сақталып, үнемі дезинфекция жүргізіліп отырылуы керек деп баса айтты мемлекет басшысы.

«Карантин режимін біртіндеп жеңілдету дегеніміз өзіміз үйренген күнделікті тіршілікке қайта оралу емес екенін ұғынғанымыз жөн. Ойын-сауық және сауда орталықтары, кинотеатрлар, ресторандар, саябақтар мен адам көп жиналатын басқа да орындар әзірге жабық болады. Жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді. Ел тұрғындарын бұл шараларға түсіністікпен қарауға шақырамын», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.

Мемлекет басшысының мәлімдемесі қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Белгілі қоғам өкілдері де өз пікірлерін ортаға салды.

«11 мамырға дейін карантинді созу үлкен шешім деп ойлайын. Өйткені індет өзінің шарықтау шегіне жетіп қалды деп айтылып жатыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы тиісті халықты әлеуметтік жағынан қорғау мәселелері жайын ойдағыдай шешуге қаржы бөлінгендігін айтып жатыр, ол орындалып жатыр. Осының бәрі сайып келген кезде, мемлекетіміздегі атқарылып жатқан шаралардың дұрыс бағытта өрбігендігін көрсетеді», – деді  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ.  

Новости партнеров