COVID-19-дан қайтыс болған адамдардың мәйіттерін жерлеу алгоритмі белгіленді

Фото из открытых источников
Фото из открытых источников
2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстанда коронавирустан 3 адам қайтыс болды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

COVID-19-ға күдікті адамның қайтыс болу жағдайы анықталған кезде эпидемиологиялық тексеру және осы жағдайға байланысты басқа да іс-шаралар эпидемияға қарсы режим талаптарын сақтай отырып, мәйіт анықталғаннан кейін тез арада жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv.

СОVID-19 диагнозы зертханалық расталған жағдайда қайтыс болған адамның денесі ашылмайды және туыстарына берілмейді. Сонымен қатар, COVID-19-ға күдікті қайтыс болған адамның денесі зертханалық зерттеу нәтижелерін алғанға дейін туыстарына берілмейді.

Диагноз күмән тудырған жағдайда:

- мәйітті оқшаулап сақтау жағдайлары болмаған жағдайда (немесе төтенше жағдайлар кезінде) мәйітті жерлеу зертханалық зерттеулердің нәтижелерін күтпестен, эпидемияға қарсы режим талаптарына сәйкес жүргізіледі;

- мәйітті толық оқшаулауды және сақтауды қамтамасыз ету жағдайлары болған кезде жерлеу зертханалық зерттеулердің нәтижелерін алғанға дейін кейінге қалдырылуы мүмкін;

- СОVID-19-ға зертханалық зерттеудің кез келген түрі оң нәтиже берген жағдайда мәйітті жерлеу биологиялық қауіпсіздік шараларын сақтай отырып жүргізіледі;

- COVID-19-ға және басқа да аса қауіпті инфекцияларға зерттеу нәтижесі теріс болған жағдайда мәйіт әдеттегідей жерлеу үшін туыстарына беріледі.

COVID-19-дан қайтыс болған адамның мәйітін жерлеуге  (жууға) дайындау алдында қайтыс болған адамның бетіне (тыныс алу жолдарына) вирулицидті (бактерицидті) құралға молынан суланған масканы (сулықты) қою қажет.

Қайтыс болған адамның мәйітін сақтау қажет болған жағдайда дезинфекциялау құралына молынан суланған жаймамен орап, содан кейін арнайы бөлінген таңбаланған кассеталық тоңазыту камерасына салу қажет.

Жерлеу рәсімі кезінде дене жабық болуы керек, табыт та қақпағымен жабылуы керек. Жерлеу рәсіміне тек жақын туыстары ғана жіберіледі.

Мәйітті тасымалдау және жерлеу кезінде биоқауіпсіздік шараларын сақтау үшін кемінде 5-7 адамды қамтитын жерлеу тобы жасақталады, оларға санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ведомствосының аумақтық бөлімшелерінің немесе обаға қарсы күрес мекемелерінің мамандары ілесіп жүреді.

Қайтыс болған адамның мәйітін (сүйектерін) жерлеу орнына тасымалдау денсаулық сақтау ұйымдарының, жергілікті атқарушы органның арнайы көлігімен жүзеге асырылады.

Топ арнайы жеке қорғаныш құралдарымен (қорғаныш костюмдерімен, қолғаптармен, маскалармен, аяқ киіммен), күрекпен, арқанмен, гидропультпен, шелектермен, канистрлермен немесе суы бар флягалармен, дезинфекциялау ерітінділерімен қамтамасыз етіледі.

Жерлеу аяқталғаннан кейін құрал-саймандар, қорғаныш киімі, көлік қабірдің шетінде тікелей көмілген жерде тиісті концентрациядағы және экспозициядағы дезинфекциялау құралдарымен зарарсыздандырылады.

Мәйітті көму орнына тасымалдау үшін пайдаланылған көлік нұсқаулыққа сәйкес тиісті концентрациядағы дезинфекциялау құралдарымен мұқият жуу немесе гидропультпен қарқынды сулау жолымен зарарсыздандырады.

Көлікті дезинфекциялауды (жууды) жүргізетін адамдар жеке қорғаныш құралдарын (қорғаныш халаты, қолғаптар, маскаларды) пайдалануы қажет.

Көлікті басқа орындарда дезинфекциялауға және көму орнынан зарарсыздандырылмаған құрал-саймандарды, пайдаланылған қорғаныш киімдерін және мәйітті тасымалдау мен көмуге пайдаланылған басқа да заттарды әкетуге жол берілмейді.

Жерлеу рәсіміне және көмуге қатысқан адамдар инкубациялық кезең ішінде (14 күн) медициналық бақылауға жатады.  

Қайтыс болған адамды басқа қалалар мен жерлерге тасымалдауға Тауарлар мен көсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің келісімі бойынша рұқсат етіледі.

Елдің аумағында СОVID-19-дан шетел азаматтары қайтыс болған жағдайда мәйітті тасымалдау және оны көму бойынша барлық іс-шаралар Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

Новости партнеров