Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев екі аптадан кейін қала тұрғындары карантин ережелерін сақтаса, коронавирус ауруы күрт төмендейді деп болжады, деп хабарлады Stan.kz.
«Азаматтар, отбасылар және топтар арасындағы байланыстарды барынша шектеу коронавирустық инфекцияны азайтуға көмектеседі. Егер өздігінен оқшаулау жоғары деңгейде болса, екі аптаның ішінде біздің қала тұрғындары арасында COVID-19 ауруының күрт төмендеуін күтуге болады», - деді Әбілдаев.
Қаланың бас дәрігері алматылықтар мен басқа аймақтардың тұрғындары тарапынан карантин қағидаттарын түсінуге және сақтауға үміттенетінін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, коронавирусты жұқтырған қазақстандықтардың саны 402-ге дейін өсті, олардың 90-сы Алматыда, жұқтырғандардың екеуінің жағдайы ауыр, 10 ересек адамның жағдайы орташа. Алматыда коронавируспен ауырған 11 адам қалпына келді.