Коронавирус індеті жер бетіндегі ұлттарды ұйымшыл етті. Бүкіл әлем бірігіп, бір-біріне қол ұшын созуда, Almaty.tv тілшісі.
Кей мемлекеттер COVID-19-бен күресу үшін басқа елдерге миллиардтаған қаражатпен көмектессе, енді бірі білікті мамандарын жөнелтуде. Бүгін аты жаман ауру шыққан Қытай халық республикасынан Қазақстанға гуманитарлық көмектің алғашқы легі келді.
Арнайы қорғаныс киімін киген мамандар жүктерді аса сақтықпен түсіріп жатыр. Мына қораптардың ішінде тепловизор, коронавирусты анықтайтын тест жиынтығы, медициналық бахила, қолғап, көзілдіріктер және медициналық киім бар.
«Бұл Қытайдан келген бірінші гуманитарлық көмек. Әрмен қарай да осындай заттармен қол ұшын созамыз деп санаймын. Өйткені осыған дейін Қазақ халқы Қытайға талай қиын кезде жомарттық танытқан. Екі ел – сенімді серіктес. Сондықтан жұдырықтай жұмылсақ коронавирусты жеңеміз. Құрметті Қазақстандықтар біз біргеміз», – деді Мяо ХУМБО Қазақстандағы Қытайдың бас консулының орынбасары.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпинмен жақында телефон арқылы сөйлескен еді. Нәтижесінде, Қытай тарапының Қазақстанға гуманитарлық көмек беруі туралы уағдаластыққа қол жеткізілген еді. Сондықтан болар, келген жүк ұзақ тексерілмей бірден мамандардың қолына тиген.
«Бұл жүк гуманитарлық көмек ретінде келгендіктен, кедендік тексеріссіз өткізілді. Қат-қабат құжатта толтырылмай, оңай өтті. Тексеріс уақыты бар-жоғы 10-15 минутты ғана алды», – деді «Жетісу» кедендік бекетінің басшысы Талғат ЖАҢБЫРБАЕВ.
«Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі өзге елден осындай гуманитарлық көмекті көптеп тарту жолында ауқымды жұмыстар атқарып жатырмыз. Бүгін міне осындай жүк келсе, Шанхай билігі медициналық қорғаныс заттарын бөлді. Келген заттардың барлығы ауруханаларға тез арада үлестіріледі. Аталған жұмысты әрмен қарай да жалғастыра береміз. Енді Сингапур, Ресей мен Оңтүстік Кореядан да осындай көмек келеді деп күтіп отырмыз», – деді ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігі Ерлан ЫСҚАҚОВ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан да Қытайға гуманитарлық көмек жасаған болатын. Қытай тарапы коронавирус індетімен күрес үшін жеткізілген Қазақстанның гуманитарлық көмегіне ерекше алғыс білдірді.
Назкен Байтілес, Өмір Әнуарбек, «Алматы» телеарнасы