Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді. Айтуынша, коронавирусқа байланысты карантин ертең, яғни 19-ақпан күні аяқталады. Бұдан соң кемедегі адамдарды эвакуациялау жүргізіледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қазақстандық дипломаттардың айтуынша, операция бірнеше күнге ұласуы мүмкін. Жапония лайнерден босатылған жолаушыларды жерге түскеннен кейін тағы бір мәрте тексермекші.
Екі аптаға жуық карантинда тұрған Diamond Princess круиздік лайнерінің бортында қазір 3000-нан астам адам қалған, Аса қауіпті вирус осы уақытта дейін кемедегі 500-ге тарта адамда анықталыпты. Мәселен, соңғы тәулікте ғана коронавирусқа лайнердегі 98 адам шалдығып үлгерген. Олардың қатарында Ресей Федерациясының азаматшасы да бар. Қазір оны жапондық ақ халаттылар емдеп жатыр. Еліміз сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, лайнердегі 4 отандасымыздың жағдайы жақсы. Олар өздерінің каюталарында, барлық қажетті медициналық қорғану құралдары мен азық-түлікпен қамтылған деді.
«Diamond Princess круиздік лайнердегі біздің азаматтармен біздің консул байланыста. Бүгін тағы да сөйлестік. Олардың жағдайлары өте жақсы. Ешқандай да шағым айтқан жоқ. Біздің ақпаратқа сәйкес ол жерде екі әйел және екі немересі бар. 8 және 12 жаста. Ертең 19-ақпанда карантин бітеді. Карантиннен кейін екі күндік кемеден шығу процессі басталады. Неге десеңіздер, кемеде 3 мыңнан астам адам. Соның бәрін бір күнде шығара алмайды. Сондықтан 1-2 күнге созылатын түрі бар», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек СМАДИЯРОВ.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі біздің азаматтардан коронавирус табылмаған жағдайда, олар өз жолымен елге қайтатынын жеткізді. Ал Америка құрама штаттары лайнер бортындағы 400 азаматын арнайы ұшақпен эвакуациялаған. Еліне жеткізілгендердің 14-і аса қауіпті вирусты жұқтырып үлгеріпті. Бүгінге дейін коронавирус 170 мемлекеттің ішіндегі 10 елде анықталған. Ал елімізде оның алдын алу үшін бір миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп отыр.
«Бұл – мемлекеттің шешімі. Осы еліміздегі коронавирусты жоюға арналған. Өздеріңізге мәлім. Бір миллиард содан Денсаулық сақтау министрлігінің құрамына кіретін санитарлық-эпидемиологиялық қызметке. Сонымен қатар, жергілікті атқару органдарының жоспарлары бойына, заявкалары бойынша қосымша санитарлық қорғау мәселесіне байланысты соларға да жіберіледі. Сонымен қатар басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлерін қорғау мәселесі бойынша пайдаланатын болады», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ.
Аса қауіпті вирустың эпидемиясы аспан асты елінің экономикасына кері әсерін тигізуде. Мәселен, соңғы үш айда Қытай үш триллион юань жоғалтқан. Әсіресе туризм, қоғамдық тамақтану мен бөлшек сауда салалары клиенттерін жоғалтты, дейді тәуелсіз сарапшылар.
Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтан