Англияда кешеден бастап локдаун жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ол кем дегенде 2 желтоқсанға дейін жалғаспақ. Аталған елдегі барлық дүкендер, барлар, мейрамханалар мен спортзалдар және ойын-сауық орталықтарының есіктеріне қара құлып салынды. Тұрғындарға үйден себепсіз шықпауға кеңес берілген. Бір қызығы, Англия билігі бұл жолғы локдаунда жоғарғы оқу орындары мен мектептердің жұмысына шектеу қоймапты. Ал, Италия билігі азаматтарына өздеріне ыңғайлы өңірге жетіп алуы үшін уақыт берген. Яғни, тұрғындар бүгін кешке дейін діттеген жерлеріне жетіп алулары керек. Ертеңнен бастап қатаң шектеу енгізіледі. Италия 20 бөлікке бөлінеді екен.
Әр аумақтың қауіптілігне қарай түсі болады. Мәселен, қызыл түс эпидахуалдың нашар екенін білдірсе, сары орташа, ал жасыл қанағаттанарлық деген сөз.
Мұнда да коменданттық сағат енгізіледі. Қоғамдық көліктердің жұмысы қысқарып, музейлер мен көрмелер, сауда орталықтары тек жұмыс күні қызмет етеді. Осы күні жаһан жұртының 50 миллионға жуығы коронавирусты жұқтырған. Алғашқы бестікте АҚШ, Үндістан, Бразилия, Ресей және Франция тұр. 1 миллион 200 мыңнан көп адам осы дерттің құрбаны болды.