Ақмола облысында тергеу-қамауға алынған 300-ден астам тұлға COVID-19 инфекциясына тестінен өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысында полицияның 17 арнайы мекемесі бар, оның 16-сы - уақытша ұстау изоляторы, біреуі - қабылдау-үйлестіру орны.
«Уақытша ұстау изоляторы мен қабылдау-үйлестіру орны - жабық мекеме. Сол себепті мұнда көпшілікпен байланыс аз. Әкімшілік қамауға алынған және тұрақты мекенжайы жоқ тұлғалардың денсаулығын сақтау үшін тиісті деңгейде алдын алу шаралары жүргізілуде», – дейді ведомстводан.
Департамент мамандары атап өткендей, COVID-19 пандемиясы кезінде қамауға алынған және тұтқындалғандар әлеуметтік жағынан осал топтарға жатады. Қашықтықты сақтап, қолды жуу, бөлмеде тазалық сақтау, кварцтеу, ылғалды тазалық сияқты санитарлық нормалар полицияның арнайы мекемелерінде қатаң сақталған.
«Полиция тарапынан тергеу-қамауға алынғандар тестен өткізіліп тұрады. Карантин басталғаннан бері облыс бойынша 348 тұлға тестіден өтіп, кейін тергеу изоляторына жіберілді»,– деп толықтырды ведомстводан.