Коронавирус вакцинасын алғандарға QR-код беріледі

Almaty.tv
Almaty.tv
«e-govMobail» мобильді қосымшасын іске қосу жоспарлануда
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде жеке иммундық мәртебесі туралы ақпараты бар QR-кодты енгізу бағытында «e-govMobail» мобильді қосымшасын іске қосу жоспарланып отыр. Ол туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Үкімет отырысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның сөзінше, қосымшада медициналық ақпараттық жүйелерден алынған азаматтардың мәліметтері, оның ішінде коронавирусқа қарсы вакцинациядан өткені туралы деректер сақталады. Бұдан бөлек дәрілер мен медициналық бұйымдардың құнын реттеуді қамтамасыз ету мақсатында бөлшек және көтерме саудада шекті бағалары бекітіледі, деді министр.

«Өңірлерде топтар құрылады. Оның құрамына Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің өкілдері кіреді. Олар аймақтардағы дәріханаларда препараттар мен медициналық бұйымдардың бағаларына мониторинг жүргізеді», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Президент Үкіметтің кеңейтілген отырысында медициналық ұйымдардың қажетті құрылғылармен жабдықталмағанын сынға алған болатын. Бұл ретте министр Алексей Цой барлық мекемелерде тексеріс жүргіземіз деп отыр.

«Барлық денсаулық сақтау ұйымдарын, оның ішінде босандыру және реанимация қызметтерін түгендеу, оларды медициналық жабдықтармен, дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен жарақтандыру үшін құрамында министрліктің аумақтық департаменттері мен әкімдіктердің өкілдері бар жұмыс тобы құрылды.  Түгендеуге жататын медициналық ұйымдардың кестесі мен тізбесі қалыптастырылды. Өз кезегінде, өңірлердің әкімдіктері медициналық жабдықтармен жарақтандыру жөніндегі ұсынымдарды орындау бойынша бірлескен іс-қимыл жасауы қажет», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Новости партнеров