Алматыда өткен демалыста карантин талаптарын өрескел бұзған мекемелер анықталды

02.08.2021 20:17

Тіпті, қатаң түрде тыйым салынған қор-қор да бар

Almaty.tv

Алматыда өткен демалыста карантин талаптарын өрескел бұзған мекемелер анықталды. Олар сенбі-жексенбі күндері жұмыс істеуге болмайтынын білсе де, ережені елемей, келушілерді жасырын қабылдаған. Мониторингтік топтар бірнеше кәсіпкерлік нысанның үстінен түсіп, жұмысын әшкереледі. Almaty.tv тілшісі өрбітсін.

Әуезов ауданының мониторингтік тобы өткен демалыста тексеріске шығып, ә дегеннен-ақ тәртіп бұзған мекемені анықтады. Мұнда келушілер вакцина алғандықтан, мерекелік кеш өткізуге болады және оны тоқтатуға ешкімнің құқы жоқ деп санайды.

Кейін тексеруші мамандар қонақтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, үйіне қайтарды. Ал, жасырын жұмыс істеген мекеме әкімшісіне хаттама толтырып, әрі қарай тиісті органға жолдады.

«Қазіргі сәтте Әуезов ауданында 6 мониторингтік топ күні-түні жұмыс істеп жатыр. Бас санитария дәрігерінің 23-қаулысына сәйкес сенбі-жексенбі күндері мекемелердің жұмысы уақытша тоқтатылды. Сондықтан кәсіпкерлерден өтінерім санитарлық талаптар мен ережелерді бұзбаңыздар. Мұндай тексеріс жұмыстары алдағы уақытта да жалғаса береді», – деді Әуезов аудандық кәсіпкерлікті және өнеркәсіпті дамыту бөлімінің бас маманы Айдын Айбынов.

Көп ұзамай мамандар Төле би-Момышұлы көшелерінің қиылысында орналасқан мейрамхананың үстінен түсіп, жұмысын әшкереледі. Бізді алыстан байқаған қонақтар келгенімізді көріп, сыртқа қаша жөнелді. Анықталғандай, мекеме қызметкерлері келушілерді шамадан тыс қабылдап, карантин тәртібін өрескел бұзған. Тіпті, қатаң түрде тыйым салынған қор-қор да бар.

«Қазіргі таңда Алматы қаласы бойынша 8 ауданда күндіз 2 топ, түнде 2 топ жұмыс істеп жатыр. Соған байланысты қала тұрғындарынан және қонақтарына карантин талаптарын сақтап, маска киюін сұраймыз», – деді қалалық кәсіпкерлер палатасының өкілі Қуанышбек Жақсыбек.

Әуезов ауданының мониторингтік топтары соңғы аптада 83 мекемеде тексеріс жүргізіп, 8 кәсіпкерге хаттама толтырған.

Мерей Қанапиянов, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы