Алматыда коронавирус ошақтарын полицейлер мен Ұлттық гвардия сарбаздары қоршауға алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қаласы ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Жедел штаб бұйрығына сәйкес, полиция қызметкерлері карантин аймақтарын, яғни ауру жұқтыру ошақтарын қоршауға алу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Бүгінгі таңда қалада 10 ауру жұқтыру ошағы анықталып отыр. Қоғамдық тәртіпті сақтау жұмыстарына 64 полиция қызметкері мен Ұлттық гвардия сарбаздары тартылды. Әр мекенжайда полиция қызметкерлерімен бірге аудан әкімдігі мен санэпидемиология қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Індет жұқтыру ошақтары мен бекеттерде қоғамдық тәртіпті бұзу деректеріне жол берілген жоқ», – деп атап өтті Аймақтық коммуникация қызметінде өткен брифинг барысында Алматы қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Жандос Мұратәлиев.
Айта кетерлігі, тұрғындарға қажетті сұрақтар бойынша 1406 және Open Almaty 1308 нөмірлері бойынша тәулік бойы жұмыс істейтін call-орталыққа хабарласу ұсынылады. Катаралды белгілері бар адамдар анықталған жағдайда дереу қаланың санитарлық-эпидемиологиялық қызметінің тәулік бойы жұмыс істейтін 382-33-50 нөміріне хабарлау керек.