Нұр-Сұлтан қаласындағы №5 қалалық емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина амбулаторлық көмек негізінде кімдерге антибиотик тегін берілетінін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Амбулаторлық-емханалық көмекке жүгінетіндер – ауру белгілері жоқ немесе ауру жеңіл өтіп жатқан науқастар. Қазір амбулаторлық көмек кезінде вирусқа қарсы дәрілерді қолданбаймыз», –деді дәрігер.
Айтуынша, үйде ем алып жатқан науқастар күн сайын онлайн консультацияға шығып отыруы керек. Себебі ауру белгілері жоқ науқас аурудың жеңіл түріне ауысып, ауруы жеңіл науқастың жағдайы асқынып кететін жағдайлар жиі болып тұрады. Сол себепті амбулаторлық кезеңде дәрігерлермен күнделікті байланыста болған дұрыс.
«Амбулаторлық көмекте пневмония болған кезде антибиотик тегін беріледі деп жазылған. Бірақ дәрі науқастың дене қызуы көп уақыт түспесе ғана беріледі. Сонлдай-ақ, тексерген кезде вирусты пневмония емес, асқынған пневмония болса, тегін амбулаторлық көмек пен антибиотик береміз», – деді қалалық емхананың бас дәрігері Алтыншаш Табулдина.
Айтуынша, антибиотик дәрігерден кеңес алғаннан кейін ғана беріледі. Сондай-ақ, емханалардың жанынан құрылған мобильді топ та тексеру жүргізе алады.